Джеки Чан желідегі парақшасына Алматыда түскен суретін жариялап, қалаға не үшін келгенін айтты
Сурет: Instagram/jackiechan
Әлемге әйгілі экшн-фильмдер жұлдызы Джеки Чан жуырда Алматыға келді. Актердің Қазақстанға сапары желіде қызу талқыға түсіп, оның келу мақсатына қатысты түрлі жорамалдар жасалды: бірі Димаштың шоуымен байланысты десе, енді бірі оны "Қайрат" пен "Реал" арасындағы матчқа келді деп болжады.
Алайда, актердің сапары киноөндіріс саласына қатысты болғаны анықталды.
Киноөнерге қосқан үлесі үшін "Оскар" сыйлығының құрметті лауреаты атанған Джеки Чан 2025 жылдың 25 қыркүйегінде өзінің Facebook парақшасында Алматыда түскен фотосын жариялады.
Пост астындағы жазбада ол Қазақстанға келуінің нақты мақсатын ашық жазған:
"Алматыда түсірілім орындарын барлап қайттым. Керемет қонақжайлық үшін рахмет!" – деп жазды Джеки Чан.
Өз кезегінде, актермен бірге жұмыс істеген қазақстандық медиакомпания сапардың кейбір егжей-тегжейін де бөлісті:
"Біз ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірістік. Алматыда болған уақытында актер біздің командамызбен бірге алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдады. Фильмнің негізгі бөлігі Қазақстанда түсірілетін болады",- делінген ақпаратта.
Бұл жаңалық Қазақстан киноиндустриясы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Әлемге әйгілі актердің елімізде фильм түсіруді жоспарлауы – Қазақстанның халықаралық кино алаңындағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін Backstreet Boys тобының Қазақстанды сағынышпен еске алуда екенін жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
