Бұрынғы азаматтық некедегі әйеліне жала жапқан шоумен бас бостандығынан айырылды

Бұрынғы азаматтық некедегі әйеліне жала жапқан шоумен бас бостандығынан айырылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.09.2026 15:45 Сурет: Instagram/nursultan_zhaksygen
Қазақстандық актер, шоумен әрі "Жайдарманның" бұрынғы қатысушысы Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы азаматтық некедегі әйеліне жала жапқаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Істі Қарасай аудандық соты қарады. Нұрсұлтан Жақсыгенге бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылды.

Сотта актер мен Фариза Сабыралиеваның азаматтық некеде тұрғаны және олардың кәмелетке толмаған екі ортақ баласы бар екені анықталды. Олар 2024 жылғы 14 сәуірде бірге тұруды тоқтатқан.


"Қылмыстық қудалау органы сотталушы Ж.-ны әлеуметтік желілерде жәбірленушінің әдепсіз мінез-құлқы туралы түсінік қалыптастыратын, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты деп айыптады. Сот сотталушының жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген көрінеу жалған ақпаратты тарату дерегін дәлелденген деп таныды", – деп хабарлады Алматы облысы Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде екі жыл үш ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистік, блогерлік және өзге де қоғамдық ақпараттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот моральдық зиянды өтеу ретінде сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2026 жылғы тамызда Ақтөбеде продюсер Баян Алагөзова мен кәсіпкер Динара Сәтжанға жала жапқан емші сотталған еді. Бағдагүл Лепесова кінәлі деп танылып, оған 1 млн 557 мың теңге айыппұл салынды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: