Астаналық әйел "ипотека алып берем" деген такси жүргізушісіне 2 млн теңге беріп, сан соғып қалды
Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі 20 қазан күні мәлімдеуінше, полицияға Есіл ауданының тұрғыны хабарласқан. Әйел таксиге тапсырыс беріп, сапар барысында жүргізушімен әңгіме-дүкен құрғанын, сөз барысында ипотека ала алмай жүргенін, такси жүргізушісі оған көмектеспек болғанын айтқан.
Жүргізуші банкте таныстары бар екенін айтып, несие алуға көмектесуге уәде берген. Ол үшін "таныстарына" 2 миллион теңгеден астам ақша аудару керек екенін айтқан. Әйел жүргізушіге сеніп, қажетті соманы берген. Ол алаяққа алданып қалғағын кейін түсінген.
Полицейлер күдіктіні тез арада анықтап, ұстады. 48 жастағы такси жүргізушісі жолаушыны алдап, ақшасын алып қойғанын мойындады. Оның үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 190-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. Қазір полиция ұсталған ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Оқи отырыңыз