LEGO брендімен қауіпті контрафактілік ойыншықтардың сатылымына тосқауыл қойылды
"Lego Juris A/S" компаниясы өкілінің өтініші бойынша Алматы қаласының көтерме сауда базарларының бірінде көтерме саудамен айналысатын "Б" ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында балалар конструкторларында "LEGO" тауар белгісін заңсыз пайдалану анықталды.
Нәтижесінде: 4 миллион теңгеден астам сомаға 3145 контрафактілік өнім алынды. Бұл ойыншықтар зияткерлік меншік құқығын бұзып қана қоймай, балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Контрафактілік ойыншықтарда қауіпті химиялық заттардың болуы және сапасыз материалдардан жасалуы мүмкіндігі зор. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.
Контрафактілік өнімдер танымал брендтерге деген сенімге нұқсан келтіріп, адал өндірушілерге зиян тигізеді. Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша іс жүргізу шаралары қабылдануда. Істің материалдары кінәліні одан әрі жауапқа тарту үшін сотқа жіберілетін болады.
Әділет органдары тұтынушылардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ете отырып, контрафактілік өнімді өткізу жағдайларын анықтау және жолын кесу жөніндегі өз жұмысын жалғастырады.