Қазақстанда миллиардтаған теңге креатив индустриясын қолдауға бағытталады
Фото: Zakon.kz
Сенат спикері Маулен Ашимбаев креатив индустриясын қолдау қорындағы қаржы көлемі қандай екенін және оған республикалық бюджеттің қосымша қаражаты салынатынын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі болжам бойынша жыл сайын шамамен 4 миллиард теңге қарастырылған. Себебі ұлттық лотерея операторының аударымдарының 3%-ы – өзгермелі сома болып келеді. Сондықтан қордың жылдық қаржыландыруы шамамен 4 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде мемлекеттік бюджет тек қордың алғашқы үш жылына ғана қарастырылған, кейіннен қор тек жобалардың өздігінен өзін ақтаған қаражаты және ұлттық лотерея операторының аударымдары есебінен жұмыс істейтін болады.
Евгений Кочетов бұл механизм креатив индустриясына тұрақты қаржылық қолдау көрсетуге және жобалардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
"Біріншіден, бұл резиденттік мәртебесі. Яғни креатив индустриясының қатысушылары, кәсіпкерлер қордың резиденті бола алады. Оларға тегін ғимараттар беріледі, яғни жалға төлем жасамайды, қор базасында жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл экстерриториалдық принцип бойынша жүзеге асады – олар 20 өңірдегі кез келген хабта қызмет ете алады. Екіншіден, олар қордың барлық білім беру жобаларына қатысады – инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар. Бұл кәсіпкердің бүгін ойында тұрған идеяны нақты коммерциялық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.
Еске салсақ, бұған дейін Сенат депутаттары креатив индустриясын қолдау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдаған болатын. Құжат қол қою үшін мемлекет басшысына жіберілді.