Данияр Мейрхан ІІМ-дегі қызметінен шеттетілді
Сурет: gov.kz
Бұл мәліметті 2026 жылғы 8 сәуірде ІІМ-нің баспасөз қызметі растады.
"Аталған тұлға (Данияр Мейрхан – ред.) тексеру жүргізу кезеңінде қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді", – делінген редакцияның сұрауына берілген жауапта.
Бұған дейін Instagram әлеуметтік желісіндегі бір аккаунтта Данияр Мейрханға қатысты шағымдардан кейін оған екі бап бойынша – қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және жыныстық сипаттағы қысым көрсету (домогательство) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Бұл ақпаратқа ҚР Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді.
"Бірқатар қызметкерлердің өтініштері бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Заңнамаға сәйкес әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, тексерілуі тиіс. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында тексеру шаралары жүргізілуде. Тексеру мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі 7 сәуір күні.
Айта кетейік, Данияр Мейрхан 2024 жылдың қазан айынан бастап ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарған. Ал 2025 жылдың тамызында аталған комитеттің төрағасы болып тағайындалған.
Айта кетейік, 2022 жылдың сәуір айының соңында Данияр Мейрхан Түркістан облысы Полиция департаментінің Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген кезде, оны автосалонға қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұстаған. Оны Шымкент қаласы ПД-ның Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қолға түсірген.
Мамыр айының басында Мейрханның 40 млн теңге кепілмен босатылғаны белгілі болды. Кейін ол атқарып отырған қызметінен уақытша шеттетілді. Ал сол жылдың қазан айында Мейрхан Шымкент қаласы патрульдік полиция полкінің командирі қызметіне тағайындалды.