Астаналық тұрғын ақша алу үшін анасының қайтыс болғанын және баласының ауыр науқас екенін ойдан шығарған
Фото: Zakon.kz
Тергеу мәліметінше, декреттік демалыста болған әйел бір жыл бойы әріптестерін алдап келген. Ол отбасы жағдайына байланысты қайғылы оқиғалар болды деп жалған ақпарат таратып, анасының қайтыс болғанын және баласының ауыр халде жатқанын айтқан. Осылайша ол адамдардан ақша алған.
Оның сөздеріне сенген және көмек көрсеткісі келген әріптестері, отбасылық мәселелерді шешуге және баланы емдеуге қажет деп ойлап, сотталған әйелге ақша қаражатын аударып отырған.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам сомаға шығын келтірілген.
Жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, келтірілген залалды ішінара өтеуін ескере отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы материалдық көмек сұрау немесе қаражат жинау жағдайларында сақ болуға және ақпараттың дұрыстығын тексеруге кеңес береді. Астана қаласының прокуратурасы