Алматыда жол құрылысы үшін 200-ге жуық жер телімі мемлекет қажетіне алынады
Фото: Zakon.kz
Құжатқа сәйкес, Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында орналасқан 197 жер учаскесі мен өзге де жылжымайтын мүлік мемлекет қажетіне алынады.
Бұл шара "Шығыс қақпасы" көпфункциялы орталығына апаратын кіреберіс жолды, нақтырақ айтқанда Бұқтырма көшесіне дейінгі жол учаскесін салу мақсатында жүзеге асырылады.
Мәжбүрлі иеліктен шығару мерзімі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасына жер иелеріне заңнамаға сәйкес өтемақы төлеу, сондай-ақ рәсім аяқталғаннан кейін жер учаскелерін қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының балансына өткізу міндеті жүктелді.
Бұған дейін Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында "Шығыс қақпасы" 110 кВ қосалқы электр станциясының құрылысы үшін де жер телімі алынатыны хабарланған болатын.