Ақтау мен Алматыдағы пластикалық отадан кейінгі кісі өлімі: Жоспардан тыс тексеру шаралары басталып кетті

Пластикалық ота, Алматы, Ақтау, қайғылы оқиға, жоспардан тыс тексеру, Махаббат Тайыпова, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.05.2026 12:41 Сурет: pexels
Ақтау мен Алматыда косметологиялық клиника қызметіне жүгінген екі адамның көз жұмуына байланысты жоспардан тыс тексерулер басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының "Бүгін. LIVE" бағдарламасында айтылды.

Бұған дейін Ақтауда артық майдан арыламын деп ажал құшқан депутаттың жақындары пластикалық хирургия клиникасын жауапқа тартуды талап етіп жатқанын жазғанбыз. Наркоздан кейін Ербол Айтуовтың қан қысымы күрт көтеріліп, облыстық ауруханаға жеткізілген. Жансақтау бөлімінде бір ай жатып, тілге келместен көз жұмыпты. Марқұмның зайыбы Лаура Айтуова пластикалық хирургия клиникасының қызметкерлерін немқұрайлық танытты деп айыптап, заңгерлердің көмегіне жүгінген. Заңгердің айтуынша, операция алдында тапсырылған талдаулар толық тексерілмеген. Яғни анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбей, соның салдарынан науқастың тыныс алуында қиындық туындаған. Соның әсерінен қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант мөлшері де күрт артып, ишемиялық инсульт алып, ер адам комаға түскен.

Сондай-ақ екі апта бұрын 53 жастағы блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде көз жұмды. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде де көтерілді. Депутаттардың айтуынша, косметологиялық процедуралар сырттай қауіпсіз көрінгенімен, олардың құрамындағы препараттар ауыр аллергиялық реакцияларға, тіпті анафилактикалық шокқа әкелуі мүмкін.

Бәрінен бұрын, кісі өлімі орын алғанына қарамастан бұл клиникалар әлі де өз жұмысын жалғастыруда. Неге?..

"Қазіргі таңда екі кісі өлімі тіркелген субъектілерде тексерістер жүргізіліп жатыр. Осы мәселе бойынша өзім Алматы қаласында жұмыс сапарымен жүрмін. Тексерудің басталғанына екі күн болды. Лицензия, сертификаттар, емдік блоктар, медициналық құрылғылар бойынша жаппай тексеріс жүргізілуде. Тағы айта кетерлігі, комиссияға палстикалық хирургия, анестезология, терапия салалары бойынша арнайы тәуелсіз сарапшылар тартылған".ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медицина және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жоспардан тыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Махаббат Тайыпова

Сондай-ақ ресми өкіл желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Яғни тексеру барысында "клиника лицензиясыз жұмыс істеген" деген ақпарат расталмады.

"Медициналық ұйымдарды лицензиялау eGov және e-License платформалары арқылы жүзеге асырылады. Алматыда қайғылы оқиға тіркелген клиниканың қолданыстағы лицензиясы бар болып шықты. Тексеру полиция және прокуратура органдарымен келісім бойынша департамент қаулысының негізінде жүргізіледі. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сондықтан барлық тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін түпкілікті қорытындылар жасалатын болады", - деп атап өтті Махаббат Тайыпова.

Бүгінде елімізде пластикалық хирургия саласында қызмет көрсету лицензиясына ие 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Махаббат Тайыпованың айтуынша, екі кісі өлімнен кейін басқа клиникаларда да тексеру жүргізу мәселесі қаралуда.

"Қазір еліміздегі барлық 295 клиниканы кешенді тексеру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл жұмыс прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізілетін болады. Уәкілетті органдар азаматтардың өтініштеріне жедел ден қойып, анықталған бұзушылықтар бойынша шаралар қабылдайды", - деді ол.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: