Павлодарда "отбасылық бизнес" жүргізген үш адам 7 жылға сотталды
Фото: pexels
Агенттіктің 2026 жылғы 16 маусымдағы мәліметіне сәйкес, Алекперов З.Ф. құрамында есірткі қоспалары бар көкнәр тұқымын тағам өнімі ретінде заңсыз сатуды ұйымдастырған.
Бұл схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және сату міндеттері бөлінген.
Белгілі болғандай, тауар басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізілген. Өнімдер тағамдық көкнәр және дәмдеуіш ретінде сатылған.
"Тінту барысында есірткі қоспасы бар буып-түйілген өнімдер тәркіленді. Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банктік аударымдар арқылы да түсіп отырған", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ұйымдастырушы қылмыстық табыс есебінен екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдегені анықталды.
Сот үкімімен Алекперов пен оның екі сыбайласы әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды. Үкім заңды күшіне енді", – деп мәлімдеді ҚМА баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматы облысында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананы жойғаны туралы хабарланған болатын. Операция Қарасай ауданында есірткі дайындау және тарату арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстың аясында жүргізілген.