СҚО-да 22 жастағы жігіт әкесін соққыға жығып, видеосын әлеуметтік желіге жариялаған
Фото: pexels
Белгілі болғандай, күдікті әкесіне жасаған қорлығын ұялы телефонға түсіріп отырған. Кейін ол видеоларды әлеуметтік желілерге жүктеген.
Сондай-ақ оқиға кезінде оның алкогольдік ішімдіктің әсерінде болғаны анықталған.
"Жетінші арнаның" мәліметінше, полиция аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп, 22 жастағы азаматты анықтаған. Алайда ол заң алдында жауапқа тартылмаған.
Өйткені 67 жастағы әкесі ұлының үстінен арыз жазудан бас тартып, оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Мендібаеваның айтуынша, оқиғаға қатысушылар анықталған. Олар – бұрын бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған Бірлік ауылының 22 жастағы тұрғыны және оның 67 жастағы әкесі.
"Әкесі ұлына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ оның денесінен ұрып-соғу белгілері анықталмаған. Қарт азамат сот-медициналық сараптамадан өтуден де бас тартты", – деді ведомство өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әйелді қорғауға араша түскен ер адамның ауыр жарақат алып, жақ сүйегі сынғаны туралы хабарланған болатын.