Қарағанды облысында полицейлер ірі есірткі партиясының жолын кесті
Фото: polisia.kz
Оның ішінде 15 келіге жуық гашиш пен 150 келіден астам марихуана бар. Тәркіленген есірткі заңсыз айналымға түсіп, мыңдаған адамға қауіп төндіруі мүмкін еді. Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері республикалық "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткінің аса ірі көлемдегі заңсыз айналымына қатысты қылмыстық әрекеттің жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткі құралдарын заңсыз сақтап, өткізді деген күдікпен 45 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынын ұстады. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері кезінде одан есірткі заттары, электронды таразылар, қаптама материалдары және тыйым салынған заттарды өткізуге дайындағанын көрсететін өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Жедел жұмыс барысында тәртіп сақшылары есірткінің ірі партиясы жасырылған тағы бір қойманы анықтады. Санкцияланған тінту кезінде ол жерден де көп мөлшердегі есірткі заттары табылып, заңсыз айналымнан алынды.
Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 180 келіге жуық. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аса ірі мөлшерге жатады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу барысында есірткінің жеткізілу, сақталу және өткізілу арналары, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғалар анықталуда. Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Заңсыз айналымнан тәркіленген әрбір есірткі партиясы — азаматтардың, әсіресе жастардың қауіпсіздігіне төнетін қатердің алдын алуға жасалған маңызды қадам.
Полиция азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өткізудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және оған қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.