Ресейлік блогер Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне бес жылға тыйым салынды

Ресейлік блогер Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне бес жылға тыйым салынды, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.08.2026 09:38 Сурет: Instagram/police__astana
Астана полициясы әлеуметтік желілерді бақылау барысында Ресей азаматы Ксения Гузаеваның (Fasoollka деген атпен танымал) арандатушылық сипаттағы әрі әдепке қайшы пікірлер айтқан тікелей эфирлерін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Елорда Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын мәлімдеді.

"Сот шешімімен шетел азаматы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңда белгіленген тәртіппен елден шығуы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанға кіруіне бес жылға шектеу қойылады", – деп хабарлады Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 12 тамызда.

Тәртіп сақшылары Қазақстанның шетел азаматтары мен ел қонақтары үшін ашық екенін атап өтті.

"Сонымен бірге Қазақстан аумағында жүрген әрбір адам ел заңнамасын мүлтіксіз сақтауға, мемлекетке, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларына құрметпен қарауға міндетті", – деп мәлімдеді ведомство.

13 тамызда елорда полициясы ресейлік стример Ксения Гузаеваның Қазақстаннан кеткен сәті түсірілген бейнежазбаны жариялады.

"Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы және әдепке қайшы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Оның Қазақстанға кіруіне бес жылға шектеу қойылды", – делінген хабарламада.

Полиция өкілдері заңды сақтау және елге құрметпен қарау талабы баршаға ортақ екенін атап өтті.

Айта кетейік, Fasoollka-ның Instagram желісіндегі соңғы жазбасы 9 маусымда жарияланған. Ол Алматыда түсірілген болуы мүмкін бірнеше суретін бөліскен.

2026 жылғы 28 шілдеде Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент жариялаған авторлардың аты-жөнін атап, оларды тек алдын алу мақсатында көрсететінін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, олар лайк, қаралым және ақшалай қолдау үшін саналы түрде шектен шыққан.

Атап айтқанда, тәртіп бұзған блогерлер әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер жасаған, қауіпті қалжыңдар ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.

Кейін әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент жариялаған авторларға қатысты қандай шаралар қабылданғаны белгілі болды. TikTok және Instagram желілеріндегі бейнежазбаларға байланысты Семей, Алматы, Түркістан облыстарының, Астана мен Тараз қалаларының бірнеше тұрғыны қамауға алынды. Ал Жамбыл облысында тұратын стример ем қабылдау үшін психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: