Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды

Ерлан Қарин, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.08.2026 11:23 Сурет: akorda.kz
2026 жылғы 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", – деп жазылған ресми ақпаратта.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын вице-президент лауазымына ұсынған еді. Құрылтай депутаттары оның кандидатурасын мақұлдады.

Ерлан Қарин 1976 жылғы 26 мамырда Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін "Тарих және география" мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәнінің мұғалімі біліктілігін алған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын аяқтаған. Саяси ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1998 жылғы наурыздан бастап Қазақстанның даму институты Саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды. 2000 жылғы шілдеден Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды.

2002 жылдан Қазақстан премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі, 2003 жылдан "Асар" республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Қазіргі заманғы саясат халықаралық институтының бас директоры қызметтерін атқарды. 2004 жылғы маусымнан Антитеррористік бағдарламалар орталығын басқарды. 2006 жылғы мамырдан Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.

2008 жылғы ақпанда Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, сол жылдың қарашасында "Нұр Отан" партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметіне кірісті. 2013 жылғы желтоқсаннан АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Америка университетінің шақырылған профессоры, 2014 жылғы қазаннан Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болды.

2017 жылғы ақпаннан "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2019 жылғы сәуірден 2020 жылғы шілдеге дейін Президенттің кеңесшісі, кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды.

2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Сол жылғы 14 маусымнан бастап мемлекеттік кеңесші қызметін атқарды. 2026 жылғы 30 маусымнан бері Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Олжас Бектеновті Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: