Ақтөбедегі колонияға тамақ құтысына жасырылған телефон өткізбек болған азамат қамалды
Сурет: ҚР ІІМ
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мекеменің режим және жедел бөлім қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігі бойынша сотталған азаматқа жеткізілген сәлем-сауқатты тексерген.
Тексеру барысында тамақ салынған құтының ішіне жасырылған қара түсті IRBIS телефоны табылып, тәркіленді.
Тыйым салынған затты колония аумағына кіргізбек болған азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
2026 жылғы 1 қыркүйекте мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот азаматты бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Белгілі болғандай, ол бұған дейін де №70 мекемеге тыйым салынған зат өткізбек болған.
ҚАЖ департаменті түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды кіргізуге әрекет жасағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Мұндай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін.