6 млрд теңгеге жуық шығын: Астанада тұрғын үйге қатысты ірі алаяқтық ісі бойынша үкім шықты
Фото: freepik
Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталғандар сатып алу-сату шарттарының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген.
"Сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын растайды-мыс деген макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген. Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайлар мен автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толықтай заңды екеніне сендірген", – деп мәлімдеді ҚМА 2026 жылғы 10 қыркүйекте.
Жәбірленушілер төлемді қолма-қол ақшамен немесе схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аудару арқылы жасаған. Бұл операциялар International Invest Company IIC ЖШС-нің бухгалтерлік және банк құжаттарында көрсетілмеген.
Сонымен қатар сотталғандар құрылыс салушы компанияның қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.
"Олар International Invest Company IIC ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасасып, нысандарға меншік құқығын тіркеген. Алайда мүлікті сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген", – делінген ҚМА хабарламасында.
Сот International Invest Company IIC ЖШС-нің төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Бұдан бөлек, International Invest Company ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Жәбірленушілер жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысанын алды. Тағы 73 нысан адал сатып алушыларға берілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Алматыда заңсыз казино желісінің жолы кесілген еді. Ұсталғандардың арасында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін шетел азаматтарын тартып, олардың банк шоттарын сатып алған шетелдік те бар.