Асыл тұқымды малға 238 млн теңге рәсімдеген: күдікті Грузиядан қайтарылды
Фото: Zakon.kz
Операцияға Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері қатысты.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ол қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін сенімді тұлғалардың атына рәсімделген бақылауындағы шаруа қожалықтарын пайдаланған. Сондай-ақ асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу-сату туралы жалған шарттар мен өзге де қолдан жасалған құжаттар әзірлеген. Солардың негізінде жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз рәсімдеген.
"Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге 238 млн теңгеден астам залал келтірілді", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Ол 2026 жылғы наурызда Грузия аумағында ұсталды. Кейін ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылып отырған айыптар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Грузиядан жеті адам экстрадицияланды. Олардың бесеуі қаражат жымқырғаны үшін іздеуде болған.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Finiko құрылымдық бөлімшесінің басшысы Түркиядан Қазақстанға қайтарылғанын хабарлаған еді.