Тегін тәтті мен арзан футболка: Атыраудағы сауда орталығында болған дүрлікпе Қазнетті дүр сілкіндірді
Сурет: magnific
Атыраудағы сауда орталығында жаңа киім дүкенінің ашылуына келген жұрт кіреберісте бірін-бірі итеріп, кептеліс туғызған. Арзан баға мен тегін ұсынылған жеміс-жидек пен тәттілерге қызыққан сатып алушылардың нөпірін куәгерлер видеоға түсірген, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тез тарады. Бейнежазбада дүкеннің кіреберісіне жиналған қалың жұрттың ішке қарай ұмтылып жатқаны көрінеді.
"Атырау. Бұл адамдар қайда жанталасып бара жатыр? Өрт шыққан ба? Жоқ, дүкенде футболкалар арзан бағамен сатылып, кіреберіске тегін жемістер мен тәттілер қойылған екен", – делінген видеоның сипаттамасында.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, сауда орнын жалға алушыға қандай шара қолданылғанын хабарлады.
"Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, бутикті жалға алушының адамдардың жаппай жиналатыны туралы тиісті органдарға алдын ала хабарламағаны анықталды. Осыған байланысты 1995 жылы туған жалға алушы ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады өңірлік Полиция департаменті 2026 жылғы 5 қазанда Zakon.kz тілшісіне.
Бұған дейін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірінде телефон пайдалануға тыйым салынуына байланысты осындай дүрлікпе болған еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript