9,8 млрд теңге және 180 банк картасы: Қазақстанда трансшекаралық дропперлік желі әшкереленді

9,8 млрд теңге және 180 банк картасы: Қазақстанда трансшекаралық дропперлік желі әшкереленді, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.10.2026 11:58 Сурет: Telegram/afm_rk
Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері онлайн-казиноларға қызмет көрсететін трансшекаралық дропперлік желі құрған қылмыстық топтардың әрекетін тоқтатты. Бұл туралы 2026 жылғы 14 қазанда ҚМА баспасөз қызметі мәлімдеп, істің кейбір мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Анықталғандай, төлемдерді өңдеумен айналысқан трейдерлер Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, "дроп-фермалар" құрған.


"Қазақстанға келген шетел азаматтарына ЖСН, SIM-карталар мен банк шоттары рәсімделген. Кейін банк қосымшаларына кіру мүмкіндігі бар мобильді құрылғылар дропперлердің жұмысын басқаратын адамдарға берілген. Қаржы ағындарын басқару үшін ойыншылардың төлемдерін қабылдайтын, оларды автоматты түрде танитын және ұтыстарды төлейтін P2P-платформа пайдаланылған. Схемаға қатысушылар өзара есеп айырысуда криптовалютаны да қолданған", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Түркістан облысы мен Алматыда қазақстандық банктердің 89 картасын пайдаланған Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олардан дропперлік әрекетке қолданылған 20 телефон тәркіленді. Күдіктілердің бақылауындағы карталар арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 500 млн теңгені құраған.

Жамбыл облысында тағы бір трансшекаралық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Топ мүшелері Тараз бен Алматыда дропперлік инфрақұрылым құрып, оған Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тартқан.

Тінту кезінде 180 банк картасы, дропперлік әрекетке пайдаланылған 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, қару мен патрондар тәркіленді. Банк карталарына түскен қаражаттың жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан.

Сот бес күдіктіні қамауда ұстауға санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

2026 жылғы 9 қазанда ҚМА-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті Bingo-37 және Lotoboom онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтағаны белгілі болды. Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құраған.

ҚМА мәліметінше, ұйымдастырушылар қылмыстық жолмен түскен табысқа 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: