Берік Асылов Еркін Ғаббасовтың халықаралық аренадағы жетістігін атап өтті
Сурет: ҚР Бас прокуратурасы
Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа ату сайысында 249,1 ұпай жинап, жарыстың жаңа рекордын орнатты. Қазақстандық мерген Оңтүстік Кореяның мықты қарсыластарын басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұл жеңіс Қазақстан қоржынына алтын медаль салып қана қоймай, спортшыға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама әкелді.
Берік Асылов чемпионды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Оның ішінде спортшыларды заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Әңгіме барысында Еркін Ғаббасов федерация басшысына үнемі көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Спортшы әсіресе Берік Асылов биылғы тамызда жарысқа дайындық қарсаңында табыстаған WALTHER LG500 ITEC BTE кәсіби пневматикалық винтовкасын ерекше атап өтті.
Заманауи спорттық қару мергеннің жаттығу үдерісінде және жауапты халықаралық жарыстарға дайындалуында маңызды қолдау болған.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған. Азия пара ойындарындағы алтын медалі мен жаңа рекорды оның жоғары шеберлігін, табандылығын және мақсатқа ұмтылысын тағы бір мәрте көрсетті.
Федерация Еркін Ғаббасовты, оның жаттықтырушыларын және ұлттық құрама мүшелерін жеңісімен құттықтады.