Алматыда Сәтбаев көшесіндегі арықтың бетін неге жауып жатыр?
Фото: Zakon.kz
"Арықтың бетін не үшін жауып жатыр? Түсіндіріп беріңіздерші", – дейді видео авторы.
Басқарманың мәліметінше, қазір Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі бөлігінде кешенді абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жоба көшенің бір бетіндегі ғимараттардың қасбетінен қарсы беттегі ғимараттардың қасбетіне дейінгі аумақты қамтиды. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды кеңейту, велосипед инфрақұрылымын дамыту, көшені көгалдандыру және жарықтандыру жүйесін жаңарту көзделген.
"Сәтбаев көшесінің оңтүстік жағында, Мүсірепов көшесімен қиылысатын тұста веложол салуға орын тар. Велосипедшілер осы жерден қауіпсіз әрі кедергісіз өтуі үшін арықтың шамамен 5–7 метрлік бөлігінің бетін арнайы тақталармен жабу көзделген", – деп түсіндірді басқарма мамандары.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім маңайдағы жасыл алқапты барынша сақтай отырып, веложол салуға мүмкіндік береді. Осы тұстан кейін велосипед жолы жобада белгіленген бағытпен жалғасады. Арық жүйесі де сақталады әрі бұрынғыдай жер бетіндегі ағын суды бұрып әкетеді.
"Арықтың беті тек осы тұста жабылады. Су бұру науаларына кейін де қызмет көрсетуге болады. Жұмыстар бекітілген жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – қолданыстағы су бұру жүйесін сақтай отырып, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау", – делінген басқарманың жауабында.
Еске салайық, 2026 жылғы 29 қазанда Алматының орталығында жаяу жүргіншілер үздіксіз жүріп өте алатын бағыт ашылатыны туралы хабарлаған едік.