"Кыздар.нет" ісі: қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Фото: pxhere
Оны елге жеткізу операциясын Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен Бас прокуратура мен ҚР ІІМ Интерпол қызметкерлері жүргізген.
2026 жылғы 12 қарашада жарияланған тергеу деректеріне сәйкес, күдікті қылмыстық топтың өзге мүшелерімен бірге жыныстық қызмет көрсететін адамдардан "Кыздар.нет" сайтындағы анкеталарына байланысты шоттарды толықтыру жөнінде өтінімдер қабылдаған. Шотқа салынған қаражат анкеталарды ілгерілетуге және ұсынылатын қызметтерді жарнамалауға жұмсалған.
"Топ мүшелері түскен қаражаттың бір бөлігін комиссия ретінде ұстап қалып, қалғанын сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Осылайша, олар жеңгетайлықтың заңсыз схемасының жұмысын қамтамасыз еткен", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, топ мүшелерінің бір бөлігі бұған дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал қалғандары, соның ішінде аталған күдікті де тергеуден бой тасалағандықтан, оларға халықаралық іздеу жарияланған.
Әйел 2026 жылғы шілдеде Грузияда ұсталған. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр.
Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
2023 жылғы 15 наурызда Қазақстанда "Кыздар.нет" сайтының иелері ұсталғаны белгілі болды. ІІМ мәліметінше, олар күніне 2 млн теңгеге дейін пайда тапқан. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабымен ("Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық") сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Сол кезде ІІМ сайтқа кіруді бұғаттау шараларын қабылдап жатқаны хабарланған еді. Алайда ресурс әкімшілері оның интернет-мекенжайлары мен домендерін үнемі өзгертіп отырған.