Астанада қызының басын көлікке ұрған әйелге қатысты сот үкімі шықты
Қазан айының ортасында кішкентай қызды мойнынан ұстап, желкелеп аулаға алып шыққан әйелдің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Қыз жылап: "Жұмыс істеймін, жұмыс істеймін" деп шешесіне тоқтау айтады. Сол кезде шешесі есікті ашып, қызын көлікке отырғызбақшы болады. Бірақ ол сіресіп, көлікке отырмауға тырысады, сол кезде әбден ыза болған шешесі қызды итеріп жіберіп, жанында тұрған басқа көлікке басын ұрады.
Бүгін, 1 қарашада Астана қаласының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127 - бабы-ӘҚБтК) бойынша М-ға қатысты келіп түскен әкімшілік істі қарады.
Сотта әйелдің қызын тысқа жалаңаяқ, сырт киімсіз желең көшеге алып шығып, жақын маңда тұрған көлікке басын ұрғаны анықталды. Сотта баланың анасы қызының басын көлікке ұру бойынша айыпты жоққа шығарды, тек оны көлікке отырғызып, есікті жабуға тырысқанмын деп түсіндірді. Сол кезде қызы сіресіп, кері шегінгенде шынтағын басқа көлікке соғып алған дегенді айтты. Астана қаласының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Бірақ сот соққы фактісі бейнематериалмен расталып, дәлелденді деп тапты, сондықтан әйелдің мінез-құлқы теріс бағаланып, ол жас баланың дамуына зиянын тигізеді деп мойындалды. Ата-ана заң бойынша баланың физикалық, психикалық және моральдық қалыптасуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға міндетті екені ескертілді.
Сот әйелді баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп таныды (ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі), өйткені оның әрекеттері тәрбиенің рұқсат етілмеген әдістерін танытады.
ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.