Астана – Петропавл тас жолында екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізушілердің бірі мерт болды
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі жол апаты туралы ақпарат 2024 жылдың 1 сәуірінде тіркелгенін нақтылайды. Алдын ала мәліметтер бойынша, сағат 20:58-де Көкшетау жақтан келе жатқан DAF XF 95-480 маркалы көлігі жолдың шетінде тұрған "КамАЗ-дың" артына соғылған. Болжам бойынша, жол шетінде тұрған жүк көлігі ешқандай белгі бермеген, дабыл жарығы жанбаған.
Соқтығысу салдарынан қос көлік те аударылып, жолдың екінші және үшінші жолақтарын жауып тастады. "КамАЗ" көлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды. DAF жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Тергеу әрекеттері қолға алынып, сот сараптамалары тағайындалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі, "Көлік құралын басқарған адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынды.