Эльвира Әзімова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады
Сурет: Zakon.kz
Астанада бүгін, 2026 жылы 24 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды. Комиссияға жетекшілік етуші Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өтті.
"Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті". Эльвира Әзімова
Сондай-ақ ол Конституциялық реформа қоғамның барлық саласында кең талқыға ие болғанын да баса атап өтті.
"Барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, сондай-ақ заңгерлер мен сарапшылар өз бастамаларын жолдады. Сол себепті Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғамдық белсенділер, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықтар енді. Бұл қоғамдық көзқарастардың, тәжірибе мен сұраныстың әралуандығын көрсетеді", - деді комиссия төрайымы.
Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету.
"Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, отансүйгіштік және салмақты ұстанымдарыңыз барлық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға, оларды жүйелеп қорытуға, еліміздің дамуына қуатты серпін бере алатын нақты әрі сараланған өзгерістер жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", деп сөзін түйіндеді Әзімова.
Бұған дейін Астанада бүгін, 2026 жылы 24 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталғаны хабарланған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript