Үкімет Астананың Бас жоспарын жаңартты

Астана, город Астана, достопримечательности Астаны, столица Казахстана, пейзаж Астаны, туризм в Казахстане, туризм в Астану, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.08.2026 09:02 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Үкіметтің 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен Астана қаласының Бас жоспары (негізгі ережелерін қоса алғанда) жаңа редакцияда бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас жоспарда елорда аумағын 2035 жылға дейін дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Құжат әлеуметтік, рекреациялық және өндірістік аймақтарды дамыту, сондай-ақ қаланы қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды.

Бас жоспар – қаланы болашақта кешенді дамыту бағыттарын, аумақтың жоспарлануын, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы жүйесін айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты.

Құжат Жер, Су, Экология және Құрылыс кодекстерінің, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңның, "Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның, сондай-ақ қала құрылысын жобалау саласына қатысты өзге де заңнамалық актілер мен нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес әзірленген.

Бас жоспарда мынадай жобалық кезеңдер белгіленген:

  • бастапқы кезең – 2025 жылғы 1 қаңтар;
  • құрылыстың бірінші кезеңі – 2030 жыл;
  • есептік мерзім – 2035 жыл.

Бас жоспарды түзету кезінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қала аумақтарының пайдаланылуына, инженерлік және көлік инфрақұрылымына ретроспективті талдау жасалған бұрынғы сараптамалық бөлім ескерілді.

Бас жоспар Астананың елорда мәртебесі мен қаланың Астана агломерациясымен өзара байланысы ескеріле отырып әзірленді.

Бас жоспар:

  • аумақты кешенді бағалауды, табиғи-климаттық, экологиялық, қалыптасқан және болжамды демографиялық әрі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескере отырып, Астана қаласы аумағын, оның ішінде әлеуметтік, рекреациялық, өндірістік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарын;
  • аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді және оларды пайдалануға қойылатын шектеулерді;
  • елді мекендегі құрылыс салынған және салынбаған аумақтардың арақатынасын;
  • жер учаскелерін басым тәртіппен иеліктен шығару және сатып алу аймақтарын, резервтік аумақтарды;
  • аумақты қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және антропогендік құбылыстар мен процестердің әсерінен қорғау, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту шараларын;
  • аумақтық-көліктік жоспарлау және жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі құжаттардың бөлімдерін қамтитын Бас жоспардың көлік бөлігін әзірлеудің негізгі бағыттарын;
  • азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының негізгі бағыттарын;
  • елді мекенді дамытудың техникалық-экономикалық көрсеткіштерін;
  • су нысандарын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау шараларын;
  • қаланың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды айқындайды.

Бас жоспар мынадай құжаттарды әзірлеуге негіз болады:

  • қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың ұзақ және қысқа мерзімді бағдарламалары;
  • электрмен, жылумен, газбен және сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі және басқа да инженерлік жүйелерді дамытудың кешенді схемалары;
  • қаланың кешенді көлік схемасы;
  • Бас жоспарды іске асыруға арналған қала аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары;
  • қысқа мерзімге арналған кешенді құрылыс жоспарлары;
  • тұрғын үй, өндірістік және коммуналдық-қойма аумақтарын қайта жаңғырту және дамыту бағдарламалары;
  • тарихи құрылыстар мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және қалпына келтіру жоспарлары;
  • рекреациялық аймақтар мен көгалдандыру аумақтарын дамыту бағдарламалары;
  • қоғамдық кеңістіктер мен көгалдандыруды дамытудың қала құрылысы схемалары;
  • Астана қаласын ықшам салудың және елорда аумақтарын жаңғыртудың кешенді жоспарлары;
  • қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыру және жаңарту жоспарлары;
  • қаланың құрылыс салу қағидалары.

Демография

  • Астана қаласының әкімшілік шекарасындағы халық саны бастапқы кезеңде 1 млн 528 мың адамды құрады.
  • Жобаға сәйкес, қала халқының саны:
  • құрылыстың бірінші кезеңінде, яғни 2030 жылы – 1 млн 965,5 мың адамға;
  • есептік мерзімде, яғни 2035 жылы – 2 млн 275 мың адамға жетеді.

Есептік мерзімнің соңында еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың үлесі Астана халқының 59,5%-ын құрайды.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үй қорының жалпы ауданы – 36 млн 685 мың шаршы метр.

Жаңадан салынатын тұрғын үйлердің жалпы ауданы 33 млн 311 мың шаршы метрді құрайды. Оның 15 млн 265 мың шаршы метрі құрылыстың бірінші кезеңінде салынады.

Астана аумағын қала құрылысы тұрғысынан игеру үшін тозығы жеткен және апатты үйлерді, соның ішінде саяжайларды, гараждар мен аз қабатты құрылыстарды бұзу қажет. Бас жоспарды іске асыру барысында жалпы ауданы 1 млн 713 мың шаршы метр тұрғын үй қорын бұзу көзделген. Оның 484 мың шаршы метрі құрылыстың бірінші кезеңіне тиесілі. Бұзылатын үйлердің басым бөлігін жеке тұрғын үй құрылыстары құрайды – 95%.

Халықтың нормативтік қажеттілігін қамтамасыз ету үшін есептік мерзімнің соңына дейін жалпы сыйымдылығы 159 194 орындық 206 балабақша салу қажет.

Сондай-ақ жалпы сыйымдылығы 256 170 орындық жалпы білім беретін мекемелер салу көзделген. Мектептердегі орынға қажеттілік 2030 жылға қарай 182 423 орынды, ал 2035 жылға қарай 256 170 орынды құрайды.

Бас жоспарға сәйкес, құрылыстың бірінші кезеңінде 123 мектеп, ал есептік мерзімге дейін тағы 55 мектеп салу жоспарланған.

Бас жоспарда мынадай негізгі бағыттар көзделген:

  • экономикалық қызмет;
  • қаланың жоспарлау құрылымы;
  • көлік инфрақұрылымы;
  • инженерлік инфрақұрылым;
  • стратегиялық экологиялық бағалау.

Экология кодексінің талаптарына сәйкес, Астана қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу кезінде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілді. Оның аясында жобалық шешімдерді 2035 жылға дейін іске асырудың ықтимал экологиялық салдары қарастырылды.

Атмосфералық ауа

Қаладағы атмосфералық ауаның сапасына антропогендік әсер әлі де жоғары. Ауаны ластайтын негізгі көздер – автокөлік, жылу энергетикасы кешені, дербес жылумен жабдықтау нысандары және коммуналдық-тұрмыстық сектор.

Бас жоспарды іске асыру аясында тұрғын үй секторын және коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі газдандыру, №2 және №3 жылу электр орталықтарын жаңғырту, қоғамдық көлік пен Tarlan Astana жүйесін дамыту, сондай-ақ көгалдандырылған аумақтарды кеңейту көзделген.

Бұл шаралар ластаушы заттар шығарындыларын азайтуға және атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған.

Су ресурстары

Қаланы сумен қамтамасыз ететін негізгі көздер – Астана су қоймасы, Қаныш Сәтбаев атындағы канал және Есіл өзені. Қаланың дамуына байланысты су тұтыну көлемі артып, ағынды сулардың мөлшері де көбейіп келеді.

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулігіне 210 мың текше метр су өңдейтін №4 сүзгі станциясын салу, тәуліктік қуаты 35 мың текше метр болатын Нұра жерасты су кен орнын игеру, №2 және №3 кәріздік тазарту құрылыстарын, сондай-ақ жергілікті тазарту нысандарын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, нөсер ағындарын тазарту жүйесін дамыту көзделген.

Сондай-ақ су нысандарын сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде өзен арналарын және түптік шөгінділерді тазарту, жағалау маңындағы аумақтарды санитарлық тазалау және су экожүйелерінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру шаралары бар.

Қарабидайық жинақтаушы көлін тазартуға және Нұра мен Есіл өзендері аралығындағы аумақтарды су басудың алдын алуға ерекше назар аударылады. Жерүсті су нысандары мен су қорғау аймақтарын қоса алғанда, су қоры жерлерінің ауданы 5,41 мың гектарды құрайды.

Шу әсері

Қаладағы шудың негізгі көздері – автокөлік, теміржол инфрақұрылымы және Астана халықаралық әуежайы. Екінші ұшу-қону жолағының пайдалануға берілуі және көлік желісінің дамуы шу әсеріне ұшырайтын аумақтардың ұлғаюына әкелуі мүмкін.

Бас жоспарда тұрғын және қоғамдық нысандарды орналастыру кезінде шуға қатысты шектеулерді ескеру, қоғамдық көлікті дамыту, шудан қорғау шараларын қолдану және акустикалық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу көзделген.

Биоалуантүрлілік

Қаладағы табиғи тұрғыдан аса құнды аумақтарға Есіл өзенінің жайылмасы, Талдыкөл және Майбалық көлдер жүйесі, сулы-батпақты алқаптар мен Астананың "жасыл белдеуі" жатады.

Бас жоспарда Кіші Талдыкөл көлдерінің №5, №7 және №9 учаскелерін сақтау, қаланың экологиялық қаңқасын дамыту, көгалдандырылған аумақтарды кеңейту, сондай-ақ табиғи аумақтар құрылыс салу үшін алынған жағдайда өтемдік іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.

Топырақ және жер ресурстары

Негізгі экологиялық тәуекелдерге құрылыс жүргізу үшін жер учаскелерін алып қою, топырақтың жекелеген аумақтарда ластануы, кейбір учаскелерді су басуы және урбандалу салдарынан топырақ жамылғысының тозуы жатады.

Бас жоспарда бүлінген жерлерді қалпына келтіру, көгалдандыру жүйесін дамыту, аумақтарды су басудың алдын алу және қалдықтарды басқару нысандарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары көзделген.

Климаттың өзгеруі

Қаланы дамыту барысында климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту қажеттілігі ескерілген. Негізгі бағыттар қатарында газдандыру, энергия тиімділігін арттыру, Tarlan Astana жүйесін қоса алғанда қоғамдық көлікті дамыту, Астананың "жасыл белдеуін" кеңейту, сулы-батпақты алқаптарды сақтау, сондай-ақ нөсер және еріген қар суларын басқару жүйесін жетілдіру бар.

Құжатта көзделген табиғатты қорғау шаралары орындалған жағдайда Астана қаласының Бас жоспарын іске асыру жол беруге болмайтын экологиялық салдарға әкелмейтіні айтылған. Сонымен қатар бұл орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, қалалық ортаның сапасын жақсартуға және халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаулы 8 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: