Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізу жоспарланып отыр
Фото: Zakon.kz
Бұл жоба Жобалық офис пен бейінді жұмыс топтарының жұмысы нәтижесінде әзірленген. Құжатта жаңа Салық кодексін қолдану тәжірибесі, сондай-ақ мемлекеттік органдардан, бизнес өкілдерінен және басқа да мүдделі тараптардан түскен өтініштер ескерілген.
Құжатта салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру, банктер мен маркетплейстерге бірқатар жаңа функция беру, кәсіпкерлер мен азаматтарға арналған кейбір рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық тетіктерді нақтылау ұсынылған.
Салықтық әкімшілендіру
Бейрезиденттердің қаржылық қарыздар бойынша кірістерін тану тәртібін, электрондық шот-фактураларды (ЭСФ) жазып беру мерзімдері мен тәртібін, соның ішінде бейрезиденттермен жасалатын операциялар кезінде, сондай-ақ бейрезидент үшін төленген ҚҚС-ты есепке жатқызу тәртібін нақтылау ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанда резиденттік сертификаттарын беру туралы норманы қайта енгізу көзделген.
"Салық агенті" ұғымын кеңейту ұсынылып отыр. Оған Кодексте белгіленген жағдайларда салықтарды ұстап қалу және аударумен қатар, әлеуметтік төлемдерді төлеуге, салық есептілігі мен басқа да нысандарды ұсынуға және өзге де салық міндеттемелерін орындауға жауап беретін салық төлеушілерді енгізу жоспарланған. Бұл норманы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар салық органдарының төлем ұйымдарымен ақпарат алмасуын кеңейту ұсынылады. Олар төлемдер мен аударымдардың жалпы сомалары туралы, соның ішінде Қазақстандағы интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін тіркелген және белгілі бір санаттағы тіркелмеген шетелдік компанияларға жасалған төлемдер туралы мәліметтерді беруге тиіс болады.
Цифрлық активтер қызметін көрсетушілер де мемлекеттік кірістер органдарына резиденттер мен бейрезиденттердің операциялары және төленген сыйақылары туралы ақпарат беретін болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар
Өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың міндеттемелерін орындауды одан әрі автоматтандыруды көздейді.
Әлеуметтік төлемдерді банк қосымшасы арқылы өз бетінше төлеудің орнына, азамат банк қосымшасы арқылы төлем жасаған кезде банк әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде ұстап қалып, аударатын механизм енгізу ұсынылады. Осылайша міндеттемелердің бір бөлігі азаматтың қосымша әрекетінсіз орындалады.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдану тәртібін нақтылау ұсынылады. Атап айтқанда, бір уақытта ЖШС құрылтайшысы немесе АҚ акционері болып табылатын адамдарға шектеу енгізу көзделген.
Сондай-ақ арнаулы салық режимін қолданудың тоқтатылатын сәтін және басқа салық режиміне көшу тәртібін нақтылау жоспарланып отыр.
ЖК қызметін тоқтату тәртібі өзгереді
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар үшін қызметті тоқтату тәртібін өзгерту ұсынылады.
Қызметті тоқтату туралы жеке салық өтініші алынып тасталады. Оның орнына қызметтің тоқтатылғаны туралы ақпарат таратуға байланысты салық есептілігінде көрсетіледі.
ЖК немесе жеке практикамен айналысатын адам қызметін тоқтату туралы белгісі бар тарату салық есептілігін тиісті шешім қабылданған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей тапсыруы тиіс болады.
Бұл жаңашылдық жеке рәсімдердің санын азайтып, оларды тарату есептілігі аясында біріктіруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бажды проактивті қайтару
Қазіргі уақытта мемлекеттік бажды қайтару үшін уәкілетті органның растауы және салық төлеушінің мемлекеттік кірістер органдарына жеке өтініш беруі қажет.
Ұсынылып отырған механизм бойынша уәкілетті мемлекеттік орган қолда бар мәліметтер негізінде мемлекеттік кірістер органдарына электрондық өтінішті өзі жолдайды.
Салық төлеушіге ақшаны қайтару үшін бөлек өтініш берудің қажеті болмайды. Яғни рәсім автоматты түрде жүзеге асырылады.
Маркетплейстерге салық агенті функциясы беріледі
Қазақстандық маркетплейстерге шетелдік сатушыларға қатысты салық агентінің функцияларын беру жоспарланып отыр.
Бұл механизмді енгізу себептерінің бірі – маркетплейстер арқылы қазақстандық тұтынушыларға тауар сататын шетелдік кәсіпкерлердің тиісті салық жүктемесінің болмауына байланысты өнімнің өзіндік құны төмен болуы мүмкін. Бұл қазақстандық сатушылар үшін тең емес жағдай қалыптастырады.
Мұндай операцияларға ҚҚС салудың жеке механизмі қарастырылған. Оның ішінде салық кезеңі мен салықты есептеу және төлеу тәртібі болады. Бұл тетік 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Сонымен қатар салық органының хабарламалары орындалмаған жағдайда интернет-ресурста немесе интернет-платформада тауарларды сатуды тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылады.
Салық берешегі болған жағдайда ЭСФ жазуға тыйым салынады
Заң жобасында ЖК, жеке практикамен айналысатын адамда, заңды тұлғада немесе оның құрылымдық бөлімшесінде белгіленген шекті мөлшерден асатын салық берешегі болған жағдайда электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтату ұсынылады.
Бұл ретте берешек пайда болған күннен бастап алты айдан астам уақыт бойы өтелмеген болуы керек. Сондай-ақ камералдық бақылау хабарламасының орындалмауы да негіз болуы мүмкін.
Сонымен бірге ЭСФ жазып беруді бақылау механизмі нақтыланады. Ол тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді іс жүзінде өткізбей тұрып шот-фактура жазып берудің алдын алуға, жолын кесуге және анықтауға бағытталады.
Таңбалауға кеткен бизнес шығындарын есепке алу
Жоба тауарларды міндетті таңбалауға байланысты бизнес шығындарына салықтық қолдау көрсетуді көздейді.
Атап айтқанда, таңбалау кезінде сәйкестендіру құралдарын басып шығаруға және сканерлеуге арналған жабдықтың бастапқы құнын 1,5 коэффициентін қолдану арқылы есептеу ұсынылады.
Консультативтік құжатта жабдыққа, бағдарламалық жасақтамаға, таңбалау кодтарына және оператор қызметтеріне жұмсалатын шығындар бизнестің, әсіресе шағын және орта кәсіпкерліктің қаржылық жүктемесін арттыратыны атап өтілген.
Инвестициялық және көші-қон саясаты
"Алтын виза" иелері мен олардың отбасы мүшелеріне салық салудың жеке тәртібін белгілеу ұсынылады. Сондай-ақ АХҚО инвесторлары үшін Қазақстан Республикасының резиденті мәртебесін растайтын құжатты бергені үшін алынатын 7000 АЕК мөлшеріндегі алымды алып тастау ұсынылады.
Бұдан бөлек, инвесторларға инфрақұрылым нысандарын өз қаражаты есебінен салуға кеткен шығындарды салық төлемдері есебінен өтеу мүмкіндігін қарастыру жоспарланған.
Басым инвестициялық жобалар мен Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға бұрын қолданылған салық салу нормаларының жекелеген түрлерін қайта енгізу ұсынылады.
Инвесторларға белгіленген талаптарды сақтай отырып, жалпы пайдаланылатын инфрақұрылым нысандарын өз қаражаты есебінен салуға жұмсалған нақты шығындарды шегерімге жатқызуға мүмкіндік беріледі.
Бейрезиденттердің табысына салық салу нақтыланады
Заң жобасы шетелдік компаниялардың қатысуымен жасалатын операцияларды да қамтиды.
Атап айтқанда, бейрезиденттің алған аванс немесе алдын ала төлем бойынша міндеттемелері белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, оны кіріс ретінде тану ережелерін нақтылау ұсынылады.
Ұзақ мерзімді инвестициялық, энергетикалық және ақпараттық-коммуникациялық жобалардың жүзеге асу ерекшеліктерін ескеру ұсынылады. Себебі аванс алу әрдайым бейрезиденттің нақты экономикалық табыс алғанын білдірмейді.
Сонымен қатар жобаға бейрезидент заңды тұлғалардың қаржылық қарыздар бойынша кірістеріне қатысты жеке бап енгізу ұсынылған.
Қазақстан резиденті туралы сертификатты елден тыс жерде ғана емес, Қазақстан аумағында да пайдалануға мүмкіндік беретін норманы қайта енгізу ұсынылады. Бұл банктерді қоса алғанда, салық агенттеріне резиденттік мәртебені растауды жеңілдетуге тиіс.
Цифрлық активтер
Жеке тұлғалар үшін қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтермен жасалған операциялардан түсетін кірістерге қатысты салықтық ынталандыру енгізу ұсынылады. Тиісті жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге белгіленеді.
Сонымен қатар бұрын сатып алынған немесе алынған цифрлық активтерге қатысты салықтық рақымшылық жасау механизмі қарастырылған.
Егер жеке тұлға цифрлық активтерін алғаш рет 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларациялап, өзіне тиесілі цифрлық активтердің 100%-ын шетелдік және басқа да реттелмейтін платформалардан лицензиясы бар провайдерлердің платформаларына ерікті түрде аударса, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша салық міндеттемелері қайта қаралмайды және салықтық тексерулер жүргізілмейді.
Сондай-ақ осы кезеңдердегі тиісті кірістерге жеке табыс салығы салынбауы ұсынылады.
Әлеуметтік салық шегерімдері
Бірнеше салық агентінде әлеуметтік шегерімді қолдану механизмі белгіленеді. Бұл ретте шегерімдердің жалпы сомасы белгіленген мөлшерден аспауы тиіс.
Сондай-ақ өтініш пен растайтын құжаттарды жеке табыс салығы есептелген күннен кейін де беруге мүмкіндік қарастырылған. Оларды табыс есептелген күнтізбелік жыл ішінде және одан кейінгі жылы тапсыруға болады. Бұл жағдайда салық агенті қайта есептеу жүргізеді.
Мүгедектік тобы жыл ішінде өзгерген жағдайда да бірыңғай тәсіл енгізу ұсынылады. Консультативтік құжатқа сәйкес, топтың жоғарылауы немесе төмендеуіне қарамастан, әлеуметтік салық шегерімінің мөлшерін 5000 АЕК көлемінде белгілеу ұсынылады.
Факторинг пен форфейтингке ҚҚС салынбайды
Жоба екінші деңгейдегі банктердің факторинг және форфейтинг операцияларын ҚҚС-тан босатуды көздейді.
Бұл шара бизнесті қаржыландыру құнын төмендетіп, өтімділікті басқару және сауданы қаржыландыру құралдарының қолжетімділігін арттыру қажеттілігімен түсіндіріледі.
Тиісті толықтыру ҚҚС-тан босатылатын операциялар тізіміне енгізіледі.
Салалық өзгерістер
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосымша 80% ҚҚС есепке жатқызу тетігін кезең-кезеңімен азайтып, оны 2035 жылға қарай толық алып тастау жоспарланып отыр.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі аясында ҚҚС-қа қатысты ережелерді қолдану тәртібі нақтыланады.
Сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша салық есептілігінің нысанын өзгерту ұсынылады. Бұл салықты өндірілетін нысанның орналасқан жері бойынша есепке жатқызуды қамтамасыз ету үшін қажет.
Энергетикалық сусындарға қатысты акцизден босату тәртібін де нақтылау ұсынылады. Бұл түзету 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындардың акцизделетін тауарлар қатарына жатқызылуына байланысты енгізілмек.
Бұдан бөлек, мұнайдың әлемдік бағасын "Brent минус KEBCO-ға жеңілдік" формуласы бойынша анықтау тәртібін нақтылау ұсынылады.
Заң жобасы 25 қыркүйекке дейін "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауда болады.