Астана соты ірі полиция шендісін кінәлі деп таныды
Сурет: gov.kz
Елорда сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты үкім шығарды.
"Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабының 1-бөлігінде ("Адамды жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу") көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1500 АЕК (6 487 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеу түріндегі жазаға кесілді", делінген сот хабарламасында.
Сот отырысы жабық есік жағдайында өтті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
2026 жылдың көктемінде Данияр Мейірханға қатысты шағымдардан кейін екі бап, яғни лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және жыныстық сипаттағы әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізілген кезеңде оның қызметтік міндеттерді атқарудан шеттетілгенін хабарлаған.
2026 жылғы 13 мамырда Мейірханға қатысты қозғалған сталкинг ісінің тоқтатылғаны хабарланды. Алайда сотта жеке айыптау тәртібімен берілген материалдар қаралды.
Данияр Мейірхан 2024 жылдың қазан айынан бастап ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарған. Ал 2025 жылдың тамызында осы комитеттің төрағасы болып тағайындалған.
Айта кетсек, 2022 жылдың сәуір айының соңында Данияр Мейірхан Түркістан облысы полиция департаменті Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген кезде автосалонға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Оны Шымкент қаласы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстаған.
Мамыр айының басында Мейірханның 40 млн теңге кепіл ақшамен босатылғаны белгілі болды. Кейін ол атқарып отырған қызметінен уақытша шеттетілді. Ал сол жылдың қазан айында Мейірхан жаңа қызметке, онда да Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкінің командирі лауазымына тағайындалды.