Қазақстанда кондитерлік өнімдердің кейбір түрлерін таңбалау ұсынылды
Сурет: pixabay
Жоба Қазақстан аумағында мұндай өнімдерді сәйкестендіру құралдары арқылы таңбалау және олардың айналымын қадағалау тәртібін айқындайды.
Жаңа қағидалар тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Елге тауар жеткізу тізбегі ашық бола түседі, бұл мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуына ықпал етеді деп күтілуде.
Таңбалаудың негізгі мақсаттары:
- Тұтынушылар үшін – сатып алатын кондитерлік өнімдері туралы толық ақпарат беру және оларды контрафактілік өнімнен қорғау.
- Кәсіпкерлер үшін – кәсіп жүргізуде тең бәсекелестік жағдай жасау, нарықты заңсыз өнімнен қорғау және зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.
- Мемлекет үшін – көлеңкелі экономиканың көлемін қысқарту және бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайту.
Жобаны әзірлеуге "Сауда қызметін реттеу туралы" заңның ережелері, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2026 жылғы 13 наурыздағы шешімі және ҚР сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығы негіз болды.
Жоба "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжатты қоғамдық талқылау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.
Бұған дейін Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарына таңбалау енгізілетіні туралы хабарлаған едік. Сондай-ақ елімізде 2027 жылғы сәуірден бастап өсімдік майлары да таңбалана бастайды.