Клеверли: Біз Қазақстанға ағылшынның ең жақсы сиыр етін тасымалдайтын боламыз
Джеймс Клеверли Қазақстан мен Ұлыбританияны байланыстыратын бірқатар салаға тоқталды. Ол жоғары білім, сауда және инвестиция саласындағы тамаша серіктестікті атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның сирек кездесетін металдардың орасан зор ресурсы бар, сол секілді азық-түлік қауіпсіздігінде үлкен рөл атқарады.
"Бұл - өзара серіктестікті нығайтқымыз келетін салалар. Біз сирек кездесетін металдар мен аса қажетті шикізаттар бойынша серіктестікті ілгерілету жөніндегі меморандумдарға қол қойғанымызға өте қуаныштымыз. Біз Қазақстанға ең жақсы ағылшын сиыры етін әкелеміз. Сондай-ақ Ұлыбританияның көміртегі бейтараптығы бойынша жетекші технологиялары қос елдің жасыл экономикасын әртараптандыруға және кеңейтуге көмектеседі деп сенеміз. Қазақстан мен Ұлыбританияның үздік тәжірибелерін біріктіру үшін серіктестігімізді кеңейтуді қалаймыз. Сонымен қатар біз сутегі технологияларында тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойдық". Джеймс Клеверли
Ол Қазақстанның осы өңірдегі "амбицияға толы жастарға" жоғары білім беруде ағылшын тілді хабты дамыту жөніндегі жоспарын жоғары бағалады.
"Біздің осы мақсатқа жетулеріңізге көмектескіміз келеді. Білім әрқашан біздің серіктестігіміздегі маңызды тіректердің бірі болып табылады. "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарының үштен бірі Ұлыбританиядағы оқу орындарды таңдайды және біздің халықтар арасындағы қазіргі байланыстарымыз бұрын-соңды осындай жоғары деңгейде болған емес. Қазақстан мен Ұлыбританияның болашағын басқаратын мыңдаған "Болашақ" және Chevening стипендиаттары біздің университеттерде білім алып, маңызды білім мен дағдыларға ие болады. Ұлыбритания өздеріңізбен арадағы достықты мақтан тұтады. Біз болашақта да Қазақстанның сенімді досы болып қала береміз". Джеймс Клеверли
Ол өткен жылдың қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Қазақстанның атқарған жұмыстарына да тоқталып өтті.
"Әділдікті орнату және әділеттілікке қол жеткізгенімізді көрсету өте маңызды. Біз жүзеге асырылып жатқан реформаларда мемлекеттің адам құқықтарын қорғауға деген ұмтылысын көріп, байқап отырмыз". Джеймс Клеверли
Сондай-ақ ол Қазақстанның Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаудағы тұрақты және принципті ұстанымын жоғары бағалады. 17-18 наурызда Джеймс Клеверлидің Қазақстанға ресми сапары басталды.