Тоқаев Қазақстан мен Кипр арасындағы сотталған адамдарды беруге қатысты құжатқа қол қойды

Екі мемлекет арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім 2024 жылғы 25 наурызда Астанада жасалды.
Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған адамдарға қатысты жазаны немесе оның жазасының қалған мерзімін өз мемлекетінде одан әрі өтеу үшін бір-біріне сотталған адамдарды беруге міндетеледі.
"Қазақстан тарапынан сотталған адамдарды беру туралы шешімнің орындалуына жауапты құзыретті орган ретінде – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы белгіленеді. Келісімде сотталған адамдарды беру және одан бас тарту үшін нақты негіздер көзделген".
Сотталған адамдар келесі шарттар сақталған кезде беріледі:
- сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс;
- үкім шығарушы тараптың заңнамасына сәйкес шешім түпкілікті болса;
- өтелуге тиісті жазаның қалған мерзімі кемінде 6 айды құраса немесе үкім белгіленбеген мерзімге шығарылса;
- сотталған адамның келісімі болса; үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік оны орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;
- үкімді шығарушы да, орындаушы да тараптар сотталған адамды беруге келіссе.
Жалпы, Қазақстан 20-дан астам елмен сотталған адамдарды беру туралы келісім жасаған. Олардың ішінде Үндістан, Түркия, Иран, Израиль, Италия, Испания, Венгрия және т.б. бар.
Бұған дейін бүгін Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдағанын жазғанбыз.