Қазақстан президенті: жаһандық экологиялық модельге көшу әділ әрі теңгерімді болуы тиіс
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық саясат пен дамушы елдердің мүдделеріне қатысты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, экология мәселесінде "таңдаулыларға басымдық беру" дұрыс емес, себебі экологиялық күн тәртібін қалыптастыру кезінде дамушы елдердің қажеттіліктері жиі ескерілмей жатады.
"Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері назардан тыс қалып қояды", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев дамыған елдердің қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ индустрияландыру үдерісі арқылы жеткенін еске салып, жаһандық экологиялық модельге көшу әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта болуы керектігін атап өтті.
"Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжиды", – деді Президент.
Ол қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық елдерді бөлмеуі, керісінше біріктіруі қажет екенін айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшысы өзара айыптаудан аулақ болып, нақты әрекетке көшу керектігін жеткізді.
"Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript