ЕКПА депутаттары Қазақстандағы саяси реформаларды қолдады
Сурет: gov.kz
Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясында (ЕКПА) "Қазақстандағы конституциялық референдум: реформалардың жаңа кезеңі" атты жазбаша декларация қабылданып, онда 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындылары негізінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қолдау білдірілді.
Құжаттың авторы – ЕКПА депутаты Мехмет Акалын (Түркия, "Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы" саяси тобы). Еуропа мемлекеттерінің ұлттық делегациялары мен түрлі саяси топтардың 22 мүшесі қол қойған декларацияда референдум Қазақстанның институционалдық жаңғыруы мен мемлекеттік басқару жүйесін күшейтудің маңызды кезеңі ретінде бағаланады.
ЕКПА депутаттары конституциялық реформалардың мақсаттарын, атап айтқанда, мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді моделіне көшуді, есептілік тетіктерін нығайтуды, конституциялық сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуді және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді құптайды.
Сондай-ақ декларацияда Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастық тетіктері аясындағы конституциялық даму, заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау салаларындағы тәжірибе алмасуға бағытталған сындарлы диалог атап өтіледі.
Сонымен қатар, парламентарийлер Қазақстанды Еуразия өңіріндегі сенімді серіктес ретінде бағалай отырып, елдің демократиялық басқару мен заң үстемдігін одан әрі нығайтуға бағытталған күш-жігерін қолдауға дайын екендіктерін білдіреді.
Бұған дейін елімізде БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісім ратификацияланған болатын.