Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 01.07.2026 09:07 Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты отандастарына үндеу жасады. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгіннен бастап егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент сондай-ақ еліміздің тұрақты ілгерілеу, саяси және экономикалық реформалар, ауқымды жаңғыру жолына қадам басқанын айтты. Оның сөзінше, бұл күн саяси жүйенің түбегейлі қайта құрылуын, мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарының жаңғыруын білдіреді.

"15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні "Наурызнама" онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі." Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз.

"Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!" Қасым-Жомарт Тоқаев

2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті қайта құрылымдау жөнінде бастама көтеріп, екі палаталы жүйеден бір палаталы жүйеге көшуді ұсынды. Бастапқыда парламенттік реформа аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған болатын. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны бұдан әлдеқайда көп болатыны анықталды.

Осыған байланысты 2026 жылғы 21 қаңтарда Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы жарлыққа қол қойды. Комиссия мүшелері Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды, соның ішінде қазақстандықтардан түскен бастамаларды талқылай келе, жаңа Конституция қабылдау және оның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару қажет деген қорытындыға келді.

Жаңа Конституцияның жобасы 11 ақпанда Президентке ұсынылды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

2026 жылғы 17 наурызда өткен брифингте Референдум жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумның қорытындысын жариялады. Дауыс беру нәтижесінде 7,9 миллион қазақстандық жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: