Президент азаматтық қорғаныс саласының айрықша маңызын атады
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қазақстанның түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылды.
"Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Конституциясына көптеген ел зор ықыласпен назар аударғанын айтты. Ол Ата заңның жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжат әрі ұлттың темірқазығы ретінде заман талабына сай жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті.
"Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, ұлт болашағына тікелей әсер ететін іргелі өзгерістердің нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды. Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді.
Мемлекет басшысы Қарулы күштерді реформалау мәселесіне де тоқталды.
"Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекеттің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.