Оның айтуынша, бюджеттік инвестициялық жобалардың барлығы маңыздылығы мен басымдығы ескеріле отырып іріктелген.
"Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге қарастырылған. Соның ішінде 4,4 трлн теңге төрт негізгі бағытқа – көлік пен логистикаға, әлеуметтік салаға, энергетика мен су ресурстарына жұмсалады. Бұл – елге аса қажетті жобалар. Олардың қатарында перинаталдық орталықтар мен өңірлік ауруханалар салу, жылу және газ желілерін, автомобиль жолдары мен су инфрақұрылымын дамыту бар", – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жобаларды іске асыру нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді. Атап айтқанда, 31 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 25 мыңы тұрақты жұмыс орны болмақ.
"Бұдан бөлек, бюджетке салық түрінде шамамен 3,7 трлн теңге түседі деп күтіледі. Алайда ең бастысы – халыққа берер пайдасы. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 13 млн-ға жуық адам қажетті нысандармен және қызметтермен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қаражат мақсатсыз жұмсалмайды, ол ел үшін стратегиялық маңызы бар жобаларға бағытталады. Бұл – болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Мемлекеттің міндеті – өскелең ұрпаққа қажетті заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру, – деп қорытындылады Қаржы вице-министрі.
Бұған дейін Абзал Бейсенбекұлы Үкіметтің бюджет тапшылығын қалай қысқартатынын айтқан еді.