Біз жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз-Тоқаев

16 қараша күні Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелен ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін деді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы үшін біз білімпаз болуымыз керек. Біз өзгелерден білім, ғылым, қарым-қабілет арқылы ғана оза аламыз. Ол үшін жастарымыз жасампаздыққа және жаңашылдыққа ұмтылуы қажет. Әлем елдерінің жақсы қасиеттерін үйреніп, оны халыққа дәріптеу керек. Сондай-ақ, тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналатын кез келді. Президент

Сонымен қатар президент жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз деді. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ, деп ойын сабақтады.

Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Қатігездік, немқұрайлық, жалқаулық – ұлттың болмысына теріс әсер ететін жағымсыз әдеттер. Қазіргі алмағайып заманда біз сабырлы, байыпты болуымыз қажет. Түрлі арандатуға ілеспей, әр нәрсеге ұстамдылықпен қарауымыз керек. Барлығын бір сәтте өзгертемін деуге болмайды. Халыққа қажетті шараларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Ойланбай жасалған бір қадам, аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ашумен істелген бір әрекет бүкіл елге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, әрбір адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге тиіс. Біз әрдайым өзара бауырмалдық пен тілектестікті, мейірімділікті дәріптеуіміз керек. Азаматтардың бір-біріне қамқорлығы елге деген жанашырлыққа ұласады, деп айтты мемлекет басшысы.

Қазақстан Алматы Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: