Заңсыз айналымнан 120 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы жұмысындағы басым бағыт – синтетикалық есірткілерді анықтау және оларды өндіру бойынша зертханалардың қызметін тоқтату. Жыл басынан бері 4 есірткі зертханасы жойылды.
72 тонна прекурсорлар, есірткі өндіруге пайдаланылған басқа да заттар мен құрал-жабдықтар тәркіленіп, 8 тонна пайдалануға дайын заттардың айналымы тоқтатылды. Синтетикалық есірткілерді бетбелгілер арқылы тарату үрдісі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жыл басынан бері 30 есірткі бетбелгісін қоюшылар анықталды.
"Біз халықпен бірігіп, бетбелгі қоюшылардың санын барынша азайта аламыз. Қалалық ПД-ның сенім телефоны (Whatsapp 87055497025) тәулік бойы жұмыс істейді, оған есірткі қылмысы деректері, жиі қолданылатын бетбелгілердің орындары, бетбелгі қоюшылар мен тұтынушылар келетін көліктердің нөмірлері, граффити суреттерінің орналасқан жері, есірткі қоймаларының мекенжайлары туралы хабарлауға болады", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Бүгінгі күні 3000-ға жуық граффити-суреттері анықталып, үстінен бояу арқылы жойылды. Есірткіні таратумен және жарнамалаумен айналысатын 238 интернет-сайт анықталды және бұғатталды.
Полицияда есірткі қылмысының алдын алу және онымен күресу мақсатында "Хақназар" қоғамдық қорымен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен "Наркостоп" жобасы қолға алынғанын айтып өтті.