"Құрметті достар! Бүгін алаңдатарлық бір жағдай болды. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханға қатысты Алматы гарнизонының әскери соты маңында біздің әріптестерімізге азаматтық белсенді Белялов Байбах күш көрсетті. Нақты бір себепті атамастан, түсірілім тобына шабуылдаған азамат журналист пен телеоператорға дене жарақатын салып, штативті сындырған. Онымен қоймай әріптестерімізге бұдан кейін де қандай да бір әрекет жасайтынын айтып, қорқытқан, боқауыз сөз айтқан". "Алматы" телеарнасы ұжымы
Телеарна Айкөркем Меделханның қазасына қайғыратындарын, бұл оқиғаға бей-жай қарай алмайтындарын да нақтылайды.
"Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне күш көрсетуді тәртіпсіздік һәм заңға қайшы әрекет деп санайтынымызды жеткізгіміз келеді. Осы тұста кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етеміз. Елдің Бас прокуратурасы мен Ішкі Істер министрлігінен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі мен беделіне назар аударуды сұраймыз", делінген хабарламада.
Айта кетсек, 14 тамызда "Қаралы қаңтар" кезінде қаза тапқан 4 жасар қыздың өліміне қатысты сот өтіп, оған марқұмның әкесі сот жіберілмеді. Көп ұзамай сот процесіне жіберілмеген ер адамға мұның жайын түсіндіріп, прокуратура жауап берді.