14 тамыздан бастап солтүстікқазақстандық полицейлер "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеп жатыр.
Мақсаты – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз көші-қонның жолын кесу, шетел азаматтарының тарапынан Қазақстан аумағында болу ережелерінің бұзылуын анықтау. Учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, көші-қон қызметінің қызметкерлері, патрульдік және ювеналдық полицейлер – іс-шараға барлық қызметтер мен бөліністер жұмылдырылған.
Мобильдік топтар кезең-кезеңімен әкімшілік учаскелердегі аулалар мен пәтерлерді тексереді. Шетел азаматтары ғана емес, полицияда түрлі есептерде тұрған және бұрын сотталған тұлғалар да бақылауда.
Бұдан бөлек, азматтық қару иелерін тексеру, жасөспірімдер арасында және тұрмысы нашар отбасылардағы құқық бұзушылықтарды ескерту бойынша рейдтік іс-шаралар да жандандырылды.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбахтың айтуынша, жыл басынан облыста учаскелік полиция инспекторлары 148 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберген.
Қайталап қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасамау үшін 438 адамға қатысты алкогольдік ішімдіктер ішпеуді және басқа да бірқатар шектеулерді көздейтін ерекше талаптар қойылды. Сондай-ақ полицейлердің өтініші бойынша сот органдары 29 тұлғаға қатысты шартты мерзімінен бұрын босатуды тоқтатты; бұл тұлғалар бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған осы және басқа да жұмыстар 30 қыркүйекке дейін өтетін "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде күшейтіледі.