Қазақстанның көптеген қаласында қоғамдық көлік билетінің құны қымбаттағаны белгілі. Осы ретте журналистер "Астаналықтар мұндай өзгеріске дайын болуы керек пе?" деген сауал қойды.
"Жыл соңына дейін қоғамдық көлікте жүру құнын көтеруді қарастырып жатқан жоқпыз. Келесі жылы өсуі мүмкін", - деп жауап берді елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов.
Ол қалада 90 теңгелік жол жүру ақысы тоғыз жылдан бері сақталып отырғанын еске салды.
"Осы жылдар бойы жанармай, қосалқы бөлшектер, жинақтаушы бұйымдар, құрал-жабдықтар қымбаттағанымен қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы өзгерген жоқ. Нарықтағы жағдайды, осы саланың жағдайын ескере отырып, қарастыруымыз мүмкін. Бірақ келесі жылы. Әзірше жол жүру ақысын көтеру қарастырылмады", - деп түсіндірді Ерлан Қаналимов.
21 тамыз күні Алматының қоғамдық көліктеріне жаңа тарифтер енгізілді. Оған сай ұялы байланыс операторы, Оңай картасы немесе мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде жол жүру ақысы 100 теңге, ал қолма-қол төленген жағдайда 200 теңге болды.