Көлік министрлігінің мәліметінше, жолдың жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды және ол 7 дербес учаскеге бөлінген. 14 мамырдағы дерекке сүйенсек, құрылыс-монтаждау жұмыстары ұзындығы 28,1 шақырым болатын учаскеде жүргізілуде. Жоба 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. 2025 жылдан бастап аталған учаскеде асфальтбетон жабыны төселген жолдың бір жағымен қозғалыс ашылды.
"Нысанға 102 бірлік техника мен 115 қызметкер тартылған. Жұмыстардың жалпы көлемінің шамамен 40%-ы орындалды: негізгі жер жұмыстары аяқталды, жасанды құрылыстар салынды, жол қабаттарының көп бөлігі төселді, қажетті құрылыс материалдары дайындалды, сондай-ақ өндірістік базалар пайдалануға берілді. Осы учаскедегі жұмыстарды толық аяқтау 2028 жылдың соңына жоспарланған". ҚР Көлік министрлігі
Жолдың 234 шақырымды құрайтын негізгі бөлігі реконструкция жұмыстарына дайындық кезеңінде тұр. Қажетті процедуралар аяқталғаннан кейін мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, осы учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен басталады.
"Реконструкциялаудың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін жол I техникалық санатқа сәйкес болады, бұл неғұрлым жайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді",- деп мәлімдеді министрлік.
Бұл бағытты дамыту Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда, өйткені жоба Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінің көліктік байланысын, сондай-ақ елдің халықаралық транзиттік әлеуетін дамыту үшін маңызды мәнге ие.
Бұған дейін елордада қиылыстардың бірі жыл соңына дейін жабылатындығын, енді біріне уақытша шектеу енгізілетіндігін жазғанбыз.