Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты – Ерлан Қарин

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Jas Alash республикалық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласында Президент реформаларының басты нәтижелерінің бірі қоғамдық санадағы оң өзгерістер екенін айтты.

Ерлан Қарин өз мақаласында, бүгінде мемлекет жедел нәтиже беретін науқандардан бас тартып, инфрақұрылым, энергетика және көлік салаларындағы ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр.

"Жұрттың алдында жедел есеп бере салатын, жылдам ұпай жинайтын шаруалармен әуестену белең алды. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесінде де, қоғамдық психологияда да қатты асқынды. Ешкімнің іргелі реформалармен, ұзақ мерзімді шаруалармен айналысқысы келмеді", – деп жазады Ерлан Қарин.

Сөйтіп, кейбір күрделі проблемалардың шешімі табылмай, жинақтала берді. Бір өңірлерде жер астындағы инженерлік желілер тозып, уақытында жаңартылмады. Басқа бір аймақтарда ауызсу тапшылығы мәселесі реттелмесе де, жарқыраған ғимараттар салынып жатты. Міне, осындай кереғар жағдайлар орын алды. Мұндай әдеттің ең ауыр зардабы – күрделі мәселелердің түйіні дер кезінде тарқатылмай, кейінгі буынға ысырыла беруі еді. Ал қазір билік, керісінше, ең маңызды, терең де түйінді, ауқымды жұмыстарды атқаруға ұмтылуда. Кейбірінің күрделілігі соншалық, қоғамда әркелкі қабылдануы мүмкін болса да, мемлекеттің болашақ дамуына деген қажеттіліктен кейін онымен ертең емес, тап қазір айналысуға тура келді.

Мысалы, көлік, инфрақұрылым, энергетика саласындағы ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелер қолға алынып жатыр. Жаңадан жылу электр станциялары, әуежайлар мен сапаржайлар, жолдар мен көпірлер, инженерлік желілер салынуда. Сондай жұмыстың тағы бір көрінісі – қоғамдық санадағы оң өзгерістер. Бұған Мемлекет басшысының табанды әрі тиянақты саясатының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Президент реформаларының ең үлкен нәтижелерінің бірі – өзгерістердің қоғамдық менталитетке ықпал ете бастауы. Оны неден байқаймыз? Мемлекет басшысы үнемі көтеріп жүрген әдептілік, үнемділік, тазалық, тәртіптілік секілді ұстанымдарды бүгінде жұртшылық жақсы қабылдап, қоғам болып оны әрі қарай іліп алып кетуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тәртіпті сақтауды, тазалықты ұстануды әкімшілік-құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз ету басталған еді. Онсыз мүмкін емес екенін жұрттың өзі де жақсы біледі. Ал қазір болса, мұндай келеңсіздіктерге азаматтарымыздың өздері алдымен қарсы шығады. Бүгінде отандастарымыз қоғамдық орындардағы заңсыздықтарға, құқық бұзушылықтарға, ысырапшылдықтың дөрекі формаларына көз жұмып қарай алмайды. Олар мұндай оғаш әрекеттерді бірінші болып өздері сынап, айыптайды.

Бұл – Мемлекет басшысы айтып жүрген ұстанымдардың қоғамдық санаға орныға бастағанының бір көрінісі. Мемлекет басшысы насихаттайтын қарапайым құндылықтарды ең алдымен азаматтардың өздері қорғауға тырысуы – өркениетті қоғамға ұмтылудың белгісі. Сондықтан да Президент реформаларының ең үлкен жемісі институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс дер едік.

Президент саясатындағы маңызды қағидаттардың ішінде, әсіресе "Таза Қазақстан" мен "Заң және Тәртіпті" ерекше бөліп айту керек. Оларды дәріптеп, санаға сіңіру арқылы ұлттың бойында басқа да үлкен жетістіктерге жол ашатын жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады. Сонда біз болашақта өзінің тиянақтылығымен, тәртібімен, еңбекқорлығымен, тазалығымен ерекшеленетін озық ойлы өркениетті ұлттардың қатарына қосыламыз.

Тұрақтылықтың негізі – тәртіп

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде: "Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде", – деді.

Расында, Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Салада ортақ тәртіп орныға бастады. Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты регламенттер бекітілді. Тіпті киноны прокатқа шығаруға қатысты да арнайы критерийлер енгізілді.

Мәселен, бұрын көшелер мен елді мекендерге атау беруде жүйесіздік үнемі алдан шығатын. Айғай-шу да көп еді. Қазір оның көбі тыйылды. Өйткені ортақ тәртіп, нақты алгоритм бар. "Тарихи тұлғалар", "Жер-су атаулары", "Дәстүрлі атаулар" тізімдері бекітілді. Көшелер мен елді мекендерге әркім ойына келген атауды бере алмайтын болды. Сол секілді жекеменшік білім беру ұйымдарына атау беру ісі де қатаңдатылды.

Ескерткіштер орнатудағы жүйесіздіктерге де тосқауыл қойылуда. Бұрын азаматтардың көбі атасының атына көше беруге, бабасының құрметіне ескерткіш орнатуға қолдау сұрайтын еді. Тарихымыздағы белгілі тұлғаларды насихаттау туралы мәселе көтерілсе, әңгіме бөлек, әрине. Алайда көп өтініштер мен хаттардың арғы жағынан жершілдік пен рушылдықтың құлағы қылтиып тұратын. Енді бұған қатысты жаңа ережелер бекітілді. Тас мүсіндер кез келген уақытта әрі кез келген жерге қойылмайтын болды. Нақты шаралардың нәтижесінде бұл сала да бір жүйеге келтірілуде.

Сондай-ақ ведомстволық наградаларды тағайындауда да нақты ережелер бекітілді. Бұрын әр мекеме, әр ұйым өз деңгейінде түрлі төсбелгілер шығарып, марапаттарды оңды-солды тарата беретін. Қазір бұл іс те бір ізге түсірілді. Әрі мемлекеттік наградаларға ұқсайтын орден-медальдар мен төсбелгілер шығаруға заңнамалық тұрғыдан тыйым салынды. Себебі түрлі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар "Қазақстанның құрметті азаматы", "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері", "Ұлт ұстазы" сияқты мемлекеттік наградаларға мүлдем қатысы жоқ марапаттарды ойлап тауып, ақшаға сатып, бизнестің бір түріне айналдырып алған.

Сол секілді қоғамдағы кейбір құбылыстарға қатысты құқықтық тосқауылдар қойылғанын еске сала кетейік. Айталық, ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға қатысты жауапкершілік енгізілді. Қоғамдық орындарда бет-бейнені тануға кедергі келтіретін киім киюге, яғни бетті тұмшалап жүруге қатысты әкімшілік жауапкершілік тағайындалды. Құқыққа қайшы келетін, оның ішінде ұлтаралық, діни араздықты қоздыруға бағытталған контентті таратуға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Өкінішке қарай, жоғарыда аталған нормаларды қабылдар кезде іштен де, сырттан да ықпал ету әрекеттері орын алды. Тіпті кейбір сарапшылар "бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ еді, билік өзіне жоқ жерден жұмыс пен жау тауып алды" деген пікірлерді де айтып жатты. Енді біреулері "мұндай шешім мына топтың өкілдеріне ұнамайды", "мұндай норма қоғамдағы мына топтың қолайына жақпайды" деген ұстанымды алға тартты. Шын мәнінде, біреуге ұнау я ұнамау мақсат болмауы керек. Негізгі өлшем – елдің мүддесіне сай ма, болашаққа керек пе деген сұрақ. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, біз сыртқы саясатты да, ішкі саясатты да әлдекімдерге жағыну, ұнау немесе ұпай жинау үшін жүргізбейміз. Ең басты мақсат – мемлекеттің мүддесі.

Жаңа қоғамдық этика – ішкі саясаттың өзегі

Қазіргі уақытта біздің қоғамды екіге жаратындай қандай да бір саяси дау-дамайлар жоқ. Ел ішінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша белгілі бір консенсус бар. Әрі азаматтардың көбі Президент жүргізіп жатқан реформаларды қолдайды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген соңғы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, азаматтардың 84%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Яғни қоғамда оптимизм басым.

Әрине, үлкен резонанс тудыратын жағдайлар да арагідік орын алып тұрады. Кейде тіл, дін, тарих, сыртқы саясат мәселелеріне қатысты кейбір кикілжіңдер түрлі саяси-қоғамдық дискуссияларға да түрткі болып жатады. Әсіресе қоғамдық орындар мен көліктердегі жекелеген жағдайлардың соңы осындай дау-дамайларға ұласатынын білеміз.

Өкініштісі, мұндай оқиғалардың себебін анықтап, астарына үңілсек, көбі сол азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығы мен әдепсіздігінен туындаған болып шығады. Яғни адамдардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауы, бір-бірін құрметтемеуі себеп. Кей кезде тіпті сауатсыздық пен білімсіздік те келеңсіз жағдайларға ұрындырады. Дегенмен жеке бір адамдардың тәрбиесіздігіне бола, тұтас қоғам арандап қалмауы керек. Сондықтан қазіргі таңда идеологиялық жұмыс негізінен білімсіздікпен, сауатсыздықпен, әдепсіздікпен күреске бағытталуға тиіс.

Керісінше, қоғамды мәдениеттілікке, еңбекқорлыққа, білім-ғылымға, жауапты әрі жасампаз отаншылдыққа шақыру маңызды. Әдепті, тәрбиелі адам айналасын ластамайды, өзгелерге қоқан-лоқы көрсетпейді. Қарапайым адами құндылықтарды бойына сіңірмеген адамды патриотизмге баулу мүмкін емес. Әуелі адамгершілігі мол, таза, адал азаматты қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Ал патриотизм – соған егілетін дән. Бұл қағидат Конституцияда да бекітілген. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарына жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету нормасының қосылуы тегін емес. Оның өлшемі – пайдалы іс пен жауапкершілік.

Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің, кез келген даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау. Адамдардың санасына осы ұғымдарды сіңіріп, қоғамда құндылық ретінде орнықтыру қажет.

Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екендігін, ұзақ уақытты қажет ететіндігін сылтау етіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Президентіміз айтқандай, бізде артық уақыт жоқ. Алдымызға нақты мақсат қоймасақ, бір орында тұрып қаламыз. Өйткені айналаның бәрі жылдам дамып жатыр. Әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Осыған бейімделіп, өркениет көшіне ілескендер ғана бәсекеге қабілетті әрі озық ойлы ұлтқа айналады. Сондықтан мұндай тағдыршешті сәттерде арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Әрдайым алға ұмтылу керек.

Ең бастысы, мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұрын билбордқа қанатты сөздерді жазып қойып, түрлі тақырыптағы роликтерді таратып, сонымен есеп бере салатын. Яғни негізгі жұмыс жалаң үгіт-насихатпен ғана шектелетін. Ал қазір нақты істерге көшу мақсат етіп қойылды. Мысалы, орта білім беру жүйесіне "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. "Қазақстан балалары" бағдарламасы қабылданды. Тарихи сананы жүйелеуге назар аударылды. Төл мұрамызды әлемдік деңгейде насихаттауға көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытып, зерделі ұлт қалыптастыру жөнінде арнайы Жарлық шығаруының астарында да үлкен мән жатыр.

Қоғамдық әдепті қалыптастырғанда ең бірінші ел алдында жүрген азаматтар жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл шенеуніктерге ғана емес, барлық азаматтарға, әсіресе зиялы қауым өкілдеріне де қатысты дүние. Өйткені олар – мәдениеттің айнасы. Сондықтан сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына, тіпті сыртқы келбетіне де дұрыс қарауы керек. Әйтпесе, өңірлерде ұйымдастырылатын кейбір мемлекеттік маңызы бар ресми іс-шаралардың күнделікті өтіп жататын тойдан я астардан айырмасы болмай қалады. Сол секілді елге танымал адамдар өмірден озған кезде де арагідік келеңсіз жағдайларға куә болып қаламыз. Мәселен, белгілі тұлғалардың жаназасын өнер ордаларынан шығару салтымызда да, дінімізде де жоқ, кеңестік кезеңде қалыптасқан жоралғы. Кейбір адамдар мұны өмірден өткен әлгі тұлғаға көрсетілген құрмет деп қабылдайды. Бірақ діни салт-жоралғы жасалатын арнайы орындар тұрғанда, марқұмды ән мен би орындалатын, ойын-сауық өтетін жерден соңғы сапарға аттандыру дұрыс емес. Өнер ордаларын мұндай мақсатқа пайдаланбаған абзал.

Сондықтан өрескел кеткен осындай тұстарымызды жарияға жар салмай, мұқият зерделеп, жүйелі түрде реттей беруіміз керек. Өткен онжылдықтарда мемлекеттілікті құру ісімен айналыссақ, енді азаматтардың бойына мемлекеттіліктің ұстыны – мемлекетшілдік сананы сіңіру қажет. Ол осындай қарапайым дүниелерден басталады. Өйткені мемлекет ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Елеусіз деген нәрсенің өзі елдік тұрғыдан алғанда маңызды.

Абайдың "ақырын жүріп, анық бас" деген ұлағатын Президент өз сөзінде жиі айтады. Хакімнің пайымы – еліміздің саяси философиясы. Бұл – жайбасарлық танытып, сылбыр қимылдау емес, керісінше, әр қадамды жан-жақты ойластырып, салмақтап жасау, сондай-ақ реформаларды сенімді, табанды, тиянақты жүргізу деген сөз. Кез келген жұмысты дәл осындай стильде жүзеге асыра алсақ, ұлт ұпайы да түгел болады. Бұған соңғы жылдардағы оң өзгерістер дәлел.

Қазақстан
Қарин Ерлан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қызылорда облысында екі ірі есірткі алқабы анықталды

Қазақстандағы орташа жалақы 460 мың теңгеден асты

Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды

Алматыда ер адам бірге ішімдік ішкен танысын пышақтап кетті

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін: тұрғын үйді жалға алу кезіндегі сақтық шаралары