Ұлыбританиялық турист Алматы маңында селдің құрбаны бола жаздады

Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 1 шілдеде Алматы облысындағы Сол жақ Талғар шатқалында демалып жүрген Ұлыбритания азаматы селдің құрбаны бола жаздады.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода лай, тас және судан құралған жойқын ағын өзен арнасынан асып кеткені көрінеді. Табиғи апат салдарынан турист шатырын тіккен орын толықтай бүлінген.

Қатты шошынған ер адам аяқ киімсіз қалғанын айтып, оқиға кезінде шатыр ішінде болғанын жеткізді. Оның сөзінше, кенеттен қатты гүріл естіліп, шатырдан атып шығып, еңіспен жоғары көтеріліп, ағаштардың арасына қарай қашып үлгерген.

"Бүгін Сол жақ Талғарда сел жүрді. Видео авторы – әлемді жаяу аралап жүрген Ұлыбританиялық турист. Таңертең сел ағыны оны ағызып кете жаздады, бірақ ол шатырдан дер кезінде шығып үлгерген", – делінген видео сипаттамасында.

Сол жақ Талғар шатқалы Алматы қаласына жақын орналасқан және Іле Алатауы жотасының құрамына кіреді.

Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеде нөсер жаңбырдан кейін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау өзендері арнасынан асып, су деңгейі күрт көтерілді. Алматы облысындағы Түрген өзенінде де су деңгейі көтеріліп, төтенше жағдай қызметтері туристерді шұғыл эвакуациялауға кірісті. Су басу қаупіне байланысты демалыс орындары зардап шегіп, Түрген өзені арқылы өтетін көпір жабылды. Ал Қаскелең шатқалында өзен ағыны көпірді қиратып кетті.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Каспий теңізінің тартылуынан Ресей аумағы ұлғайды

Кәсіпкерлерді жыл сайын әуреге салған мекеме прокуратура назарына ілікті

24 қазанда Астана мен Алматыдағы айырбастау орындарындағы валюта бағамы

Атырауда жоғары лауазымды шенеуніктің мәйіті табылды

Балуан Айдос Сұлтанғали әлем біріншілігінің 1/2 финалына шықты