Бүгін, 2026 жылғы 27 шілдеде қадағалау органының баспасөз қызметі істің мән-жайын жариялады.
"Атырау облысында мемлекеттік мекемелердің бірінің бухгалтері ұйым басшысымен бірге 2023-2024 жылдары 88,8 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген. Сот оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, алайда кейін рақымшылық қолданып, жаза мерзімін төрт жыл сегіз айға дейін қысқартқан", – делінген хабарламада.
Бас прокуратура рақымшылықтың заңсыз қолданылғанын анықтады.
"Заңға сәйкес, аса ірі мөлшерде қаражат жымқырғаны үшін тағайындалған жаза келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталған әйел қаражатты толық қайтармаған. Сондай-ақ одан 36,8 млн теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарылған. Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жазаны үштен бірге қысқартқан, ал апелляциялық саты жіберілген заң бұзушылықты жоймаған. Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот рақымшылықты қолдану туралы шешімнің күшін жойып, бастапқы жазаны – жеті жыл бас бостандығынан айыруды қалпына келтірді", – делінген дүйсенбіде таратылған хабарламада.
Бас прокуратура заңда белгіленген залалды толық өтеу талабы орындалмаған жағдайда рақымшылық қолдануға болмайтынын атап өтті.
2026 жылғы 23 шілдеде Бас прокурор Берік Асылов Қазақстандағы тарихи рақымшылықтың егжей-тегжейін жариялады. Оның мәліметінше, бір айға жетпейтін уақыт ішінде 1,3 млн іс бойынша 681,7 мың азамат жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұл түріндегі әкімшілік жазаны өтеуден босатылған.