Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алудан бастап, ірі кәсіпорындарды отандық жеткізушілермен жұмыс істеуге ынталандыруға, өнеркәсіп кооперациясын дамытуға және қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейтуге дейінгі бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды.
Кепілдендірілген сұраныс: мемлекеттік сатып алулар отандық бизнесті қолдау құралына айналады
Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.
Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі сатып алудың ашықтығы мен оған тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді
Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы қазақстандық өндірушілермен жалпы құны 370 млрд теңгеден асатын 145 мыңнан астам шарт рәсімделсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 16,5%-ға артып, 169 мың шартқа жетті. Ал олардың жалпы құны 23,3%-ға өсіп, 456 млрд теңгені құрады. 2026 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша жалпы құны 97 млрд теңге болатын 68 мың шарт жасалды.
Осы саладағы цифрландырудың маңызды тетіктерінің бірі – 2025 жылғы қарашадан бастап штаттық режимде жұмыс істеп тұрған "Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі" ақпараттық жүйесі. Бүгінде жүйеге бизнестен 41 мыңнан астам өтінім түсіп, өңделді. Верификация нәтижесінде Тізілімге 10 мыңнан астам отандық тауар өндіруші енгізілді.
2026 жылдың соңына дейін ақпараттық жүйені Бірыңғай жеке кабинетпен интеграциялай отырып, оны өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.
Бизнесті қолдау: мемлекет кәсіпорындардың капиталға қол жетімділігін кеңейтті
Кәсіпкерлерді жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдаудың кең ауқымды құралдарын "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің даму институттары ұсынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғыртуға, бизнесті кеңейтуге және экспорт көлемін арттыруға жағдай жасап, отандық кәсіпкерліктің дамуы мен экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді.
Атап айтқанда, "Даму" қорының желісі бойынша 2024 жылдан бастап 2026 жылғы тамызға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 4674 жоба субсидиялау, 3633 жоба кепілдік беру, 1998 жоба жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын пайдаланды.
Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша "Даму" қоры шағын және орта бизнестің 13 мың жобасына 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттырудың маңызды құралы ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылғы сәуірде кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Бұл механизм кәсіпкерлердің банк қаржыландыруына қолжетімділігін кеңейтіп, бюджетке түсетін жүктемені азайтты. Аталған тетік аясында 3 мыңнан астам кепілдік беріліп, отандық бизнестің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндік жасалды.
Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдайды. Агенттік металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы 131 экспорттаушыға 653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті. Ірі мәмілелер қатарында "Sapa Trade Company" ЖШС қарызын сақтандыру, "Шин-Лайн" ЖШС айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ "Прима Құс" ЖШС құс етін өндіру зауытының құрылысына берілген қарызды сақтандыру бар.
Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу секторы кәсіпорындарына көрсетілген қолдау көлемі 418,5 млрд теңгеге жетті. Қолдау құралдарын 69 шикізаттық емес сектор кәсіпорны пайдаланды, оның 61%-ы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.
Шикізаттық емес сектордағы инвестициялық белсенділікті "Qazaqstan Investment Corporation" (QIC) жүйелі түрде арттырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылымның жаңа инвестицияларының көлемі 13 есеге өсті. QIC қатысатын қорлар арқылы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және технологиялық жобаларды қамтитын 15 жобаға 787,5 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астана халықаралық қаржы орталығы базасында тікелей инвестициялар қорларының жаңа архитектурасының қалыптасуы болды. Негізгі жоба ретінде ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған, мақсатты көлемі $4 млрд-қа дейінгі Kokzhiyek Fund L.P. және экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға инвестиция салатын, мақсатты көлемі $1 млрд-қа дейінгі Adal Fund L.P. құрылды.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ желісі бойынша өткен жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі рекордтық 549 млрд теңгені құрады. Бұл 8,5 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені рекордтық көлемде астық алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша астықтың жалпы өнімі 27,1 млн тоннадан асты. Уақтылы әрі қолжетімді қаржыландыру диқандарға егіс және егін жинау науқандарын оңтайлы агротехнологиялық мерзімде өткізуге мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі болды.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ мен "ҚазАгроҚаржы" АҚ бірлесіп ұсынған қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл – отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың ең жоғары көрсеткіші.
Қаражат көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуға, ауыл тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ өңдеуді дамытуға және азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалды.
Отандық тауар өндірушілерге елеулі қолдауды "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ көрсетеді. Қаралған қаржы жаңа кәсіпорындар құруға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталады. Кәсіпорындар заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды енгізіп, өндірістік желілерді жаңартып, өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. 2024-2026 жылдары қор 153 отандық тауар өндірушіге жалпы сомасы 943 млрд теңгеден астам қолдау көрсетті.
Толық өндірістік цикл – өнеркәсіптік тәуелсіздіктің негізі
Қаржылық ынталандыру нақты сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үкіметтің басты назарында Президент қойған міндетті жүзеге асыру мақсаты тұр, ол – ел ішінде шикізатты терең өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды құру. Локализацияны дамыту импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Осы жұмыс шеңберінде 2024 жылдан бері Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жеңіл өнеркәсіпте мақта өңдеудің толық циклін қалыптастыру негізгі векторға айналды: мәселен, Түркістан облысындағы "TURAN" АЭА аумағында "Түркістан тоқыма" ЖШС LIHUA GROUP-пен бірлесіп иіруден бастап дайын үй тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толық өндірістік циклді заманауи тоқыма кешенін салады. Кәсіпорын мақтаны терең қайта өңдеп, жаңа текстиль өнімін шығарады. Онда 1,3 мың жұмыс орыны құрылады.
Қазақстандық автомобиль жасау саласы сапалы динамика көрсетіп отыр, мұнда кәсіпорындардың құзыреті бұрынғы ірі тораптық құрастырудан бүгінгідей шағын тораптық құрастыру операцияларын орындауға ауысқан. Соның арқасында кейбір автомобиль маркалары бойынша локализациялаудың орташа деңгейі 40%-ға жетті. 2024-2025 жылдар аралығында қуаттылығы жылына 70 мың авто болатын Kia Qazaqstan және мультибрендтік Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автозауыттары пайдалануға берілді. Соңғысы жылына Changan, Great Wall Motor және Chery үшін 120 мың авто шығарады.
Сонымен қатар құрамдас база да кеңейтілуде: Саран қаласында Tengri Tyres шина зауыты іске қосылды, Алматыда Hyundai мультимедиялық жүйелерін, HVAC модульдерін және еден жабындарын шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering және автоорындықтар шығаратын Almaty Autoparts Production кәсіпорындары, ал Қостанайда автокомпоненттердің мамандандырылған Локализациялық орталығы жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы және теміржол машиналарын жасауда "АгромашХолдингKZ" базасында John Deere техникасын өндіруді бастау, Valmont Industries компаниясының Valley жаңбырлатып су шашу машиналарын локализациялау, Астанада швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын құрастыру және Wabtec локомотив зауытында локализация деңгейін 45%-ға жеткізу маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, XCMG Group-пен ("Barys Truck Manufactory" ЖШС) арнайы техникалар, Саранда Samsung компаниясының теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару және Алматыдағы Xiaomi теледидарларын құрастыру жолға қойылған.
Сондай-ақ, Петропавл қаласында "ҚАЗТЕХМАШ" машина жасау зауыты" ЖШС-нің өндірістік алаңында LiuGong әлемдік брендінің жол-құрылыс техникалары өндірісі ұйымдастырылды.
Ірі кәсіпорындардың айналасындағы шағын және орта бизнес
Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Үкімет ірі кәсіпорындардың айналасында тұрақты ШОБ желісін құруды көздейтін кәсіпкерлікті дамытудың жаңа моделін қалыптастыруда. Тауарлар мен жиынтықтауыштарды өндіруге, қызметтер көрсетуге және сервис жасауға қатысы бар өңірлік бизнесті дамытуға басты назар аударылып отыр. Бұл тәсіл өндірістік кооперацияны кеңейтеді, ел ішінде қосымша құнды локализациялауға және құруға ықпал етеді.
Мұндай экожүйені қалыптастыру үшін мемлекет бизнесті қолдаудың қаржылық құралдарын жетілдіруде. Негізгі тетіктердің бірі – 2025 жылы іске қосылған "Өрлеу" жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы. Ол жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және өңдеуші өнеркәсіп, агроөңдеу, логистика, білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтауды қоса алғанда, экономиканың басым секторларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға бағытталған.
2025 жылы "Өрлеу" бағдарламасы аясында 588 млрд теңге сомасына 2 278 жоба қаржылай қолдау алды. Бағдарламаның жинақталған портфелі ірі индустриялық-экономикалық орталықтар мен индустриалды дамыған өңірлерде ең жоғары белсенділік көрсетті.
Тартылған қаражат көлемі бойынша:
- Алматы қаласы (104 млрд теңгеге 319 жоба),
- Астана қаласы (90 млрд теңгеге 268 жоба),
- Алматы облысы (56 млрд теңгеге 150 жоба)
- Шымкент қаласы (52 млрд теңгеге 182 жоба) көш бастап шықты.
- Қаржының едәуір көлемі Қостанай (30 млрд теңге),
- Қарағанды (29 млрд теңге)
- Ақтөбе (23 млрд теңге) облыстарына бағытталды.
2026 жылдың басынан бастап "Өрлеу" бағдарламасы аясында 23 млрд теңге шамасында тағы 131 жоба қаржыландырылды. Биыл қаражаттың ең көп көлемін Ақтөбе облысы тартты, онда ірі бастамаларды жүзеге асыру есебінен 7,4 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылды. Жоғары қарқын Астана (4 млрд теңгеге 24 жоба), Алматы (3,7 млрд теңгеге 21 жоба) және Шымкент (1,4 млрд теңгеге 12 жоба) қалаларында, сондай-ақ Қарағанды (0,7 млрд теңгеге 8 жоба) және Абай (0,7 млрд теңгеге 10 жоба) облыстарында сақталып отыр.
Қаржы екінші деңгейлі банктер мен "Даму" қорының біріге қаржыландыру шарттары арқылы ұсынылып отыр, бұл ретте түпкі қарыз алушы үшін мөлшерлеме 12,6%-дан аспайды. Қаржыландырудың максималды көлемі инвестициялық жобалар үшін 7 млрд теңгеге және айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 млрд теңгеге жетеді.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылдың соңында бекіткен "Іскер аймақ" шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі, аудан орталықтарындағы және шағын қалалардағы микро және шағын кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіліп келеді.
Отандық өндірушіні қолдау – экономикалық өсудің жаңа моделінің негізі
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында ұлттық экономиканы одан ары жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын дәйекті түрде арттыру үшін берік құқықтық және институционалдық іргетас қаланды. Жергілікті өндірісті дамыту, қазақстандық қамту үлесін кеңейту және бизнесті қаржылық қолдау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру негізгі конституциялық бағдарларға тікелей жауап бола алады.
Мемлекет қабылдайтын барлық шаралар нәтиже беруде: өндіріс пен инвестиция көлемі өсуде, отандық кәсіпорындар саны артуда, ШОБ үшін мүмкіндіктер кеңеюде, қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы позициясы нығаюда.
Толық өндірістік циклды құру, ШОБ-тың аймақтық белдеуін тиімді локализациялау және дамыту – өнеркәсіп пен ел экономикасының орнықты дамуының негізіне айналуда.
Осылайша, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру өнеркәсіптік саясаттың ағымдағы құралы ғана емес, мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіндегі Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің басты драйверіне айналып келеді.