Алматыда Саин көшесіндегі арнайы жолақ алынып тасталады: себебі неде

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыдағы Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру жөніндегі пилоттық жоба аяқталды. Жоба өзінің тиімділігін көрсеткенімен, билік арнайы жолақты әзірге алып тастау туралы шешім қабылдады. Алайда мұның маңызды себебі бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, Саин көшесіндегі арнайы жолақ қаланың көлік көп жүретін негізгі магистральдарының бірінде қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімділігін бағалау мақсатында пилоттық режимде ұйымдастырылған.

"Мониторинг нәтижесі арнайы жолақ енгізілгеннен кейін қоғамдық көлік жұмысының негізгі көрсеткіштері жақсарғанын көрсетті. Ең айқын нәтиже қарбалас уақытта байқалды. Таңғы қарбалас уақытта қоғамдық көліктің орташа жылдамдығы 26,2-ден 31,8 шақырым/сағатқа дейін, яғни 21,37%-ға артты. Кешкі қарбалас уақытта орташа жылдамдық 25-тен 30,4 шақырым/сағатқа дейін немесе 21,6%-ға өсті", – деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ қоғамдық көліктің тұрақты жүру көрсеткіші жақсарды. Бір тәуліктегі орташа қозғалыс аралығы 13,6 минуттан 12 минутқа дейін, яғни шамамен 12%-ға қысқарды. Ал таңғы қарбалас уақытта бұл көрсеткіш 13,6 минуттан 11,6 минутқа дейін немесе 14,7%-ға азайды.

Жолаушылар ағынында да оң динамика байқалды. Тәулігіне тасымалданатын жолаушылар саны 42 396-дан 44 515 адамға дейін немесе 5%-ға артты.

Ведомство мәліметінше, қоғамдық көліктің жылдамдығы мен тұрақты жүру көрсеткішінің жақсаруымен қатар жолаушылар ағынының артуы аталған бағытта қоғамдық көлікке сұраныстың өскенін көрсетеді.

"Осылайша, пилоттық жобаның нәтижесі арнайы жолақтың, әсіресе қарбалас уақытта, қоғамдық көліктің жылдамдығы мен тұрақты қозғалысын арттырудың тиімді құралы екенін растады", – делінген басқарма хабарламасында.

Сонымен бірге пилоттық жоба арнайы жолақтарды жекелеген учаскелер ретінде емес, қаланың негізгі магистральдарында қоғамдық көлікке басымдық беретін өзара байланысқан тұтас жүйе ретінде дамыту қажет екенін көрсетті.

Сондықтан Саин көшесі әл-Фараби даңғылы – Саин көшесі – Рысқұлов даңғылы – Шығыс айналма жолы бағыттары бойынша қоғамдық көлікке басымдық беруді көздейтін айналма маршруттың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

2026 жылғы 31 тамыздан бастап Саин көшесіндегі қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ алынып тасталады.

Бұл пилоттық форматтан келесі кезеңге, яғни көлік желісінің басқа учаскелерін және кешенді схеманы іске асыруға қажетті нормативтік талаптарды әзірлеуге көшуге байланысты.

"Ол үшін көлік желісінің басқа учаскелерін кезең-кезеңімен дайындап, жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы қолданыстағы стандарттар мен нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгізу керек. Тиісті нормативтік шешімдер қабылданып, қажетті инфрақұрылым әзірленгеннен кейін Саин көшесіндегі қоғамдық көлікке басымдық беру қаланың негізгі магистральдарындағы арнайы жолақтардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін кешенді схема аясында жүзеге асырылады", – деп нақтылады басқарма.

20 маусымнан бастап Алматыдағы Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ пилоттық режимде жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін жүргізушілер аталған учаскеде көлік кептелісінің күшейгеніне шағымдана бастады.

Қала билігі тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын талдап, тиісті шаралар қабылдады. Кейін Рысқұлов көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс жылдамдығы төмендетіліп, жолақтардың қозғалыс сызбасы өзгертілді.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

1 қыркүйек қарсаңында пәтер жалдау қымбаттады: Алматы мен Астанадағы бағалар қандай

"Күн ашық болады". Еліміз бойынша 27 тамызға арналған ауа райы болжамы

Құрылтай құрамына кімдер енді: саяси партиялар кандидаттар тізімін жариялай бастады

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Аудит нәтижесі: Қазақстан атынан шетелге баратын спорт делегациясы қатаң іріктелетін болды