Ұлдана Мырзуанның өмірін қиған қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада болған. Сотта жәбірленуші тараптың өкілі оқиға орнына келген құтқарушылар жағдайды бейнекамераға түсірді ме деген сұрақ қойды.
"Сіздердің қызметкерлеріңіз оқиға орнына келген кезде болып жатқан жағдайды видеоға түсіре ме? Оларда бейнетіркегіш бар ма? Қалай кіріп, қалай шыққаны түсірілді ме?" – деген сұрақ қойылды.
Ризабек Даиров сол күні құтқарушының экшн-камерасы жұмыс істемегенін айтты.
"Бөлімшеде экшн-камералар бар. Алайда сол кезде қарауыл бастығының экшн-камерасы жарамсыз күйде болған және жазба сақталмаған. Осы оқиға бойынша бейнетүсірілім жүргізілген жоқ", – деді куәгер.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сот қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырмағаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар қорғау тарапы судья Меруерт Абаеваны істен шеттетуді талап еткен. Сот отырысының басында сотталушының екінші адвокаты Асхат Әлиов процесті кейінге қалдыруды сұрады. Ол іске жақында кіріскендіктен, материалдармен танысып, қорғау ұстанымын анықтап үлгермегенін айтты. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады. Судья адвокаттың іс материалдарымен сот отырыстарының арасында таныса алатынын атап өтті.
Осыдан кейін адвокат судьяның әрекетіне қарсылық білдіріп, оны сот хаттамасына енгізуді сұрады.
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында болған. Тұрғын үй кешенінің қасбетінде сыртқы кірпіш қаптаманың бір бөлігі мен кондиционер қондырғысы құлап, салдарынан бес адам зардап шеккен.