Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан да қаражат бөлу көзделген.
Президент Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз жұмсалмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, кез келген қордың, әсіресе Ұлттық қордың тиімділігі келер ұрпақтың игілігі жолындағы нақты нәтижемен өлшенуі тиіс.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордың пайдасын балалар қазірдің өзінде көріп отырғанын айтты. Олардың есепшоттарына қомақты қаражат аударылып жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи әрі сапалы инфрақұрылымды дамыту қажеттігіне назар аударылды, деп айтты Президент.
Бұл жұмыстар Қазақстанның алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Президент бұл мәселеге Қазақстан халқына арналған алдағы Жолдауында кеңірек тоқталатынын айтты.