Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі бес жылда құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсеткен. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.
"Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, түрлі қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынған. Сондай-ақ 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынған.
Президент Төтенше жағдайлар министрлігінің екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығының жұмысына да тоқталды.
"Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады", – деді Мемлекет басшысы.